Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Жетісу бөрісі» өз мәресіне жетті. Аталмыш додада он алты аудан, үш қаладан іріктеліп келген отыз сегіз балуан бақ сынап, мықтыны анықтады.
Талдықорған қаласында ұлттық ат спорты түрлерінен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш додада республикамыздың он бес командасы бақ сынап, бір апта бойы Жетісу жерін дүбірге бөледі.
«Жастар» спорт сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай қазақ күресінен «Талдықорған бөрісі» іріктеу турнирі өтті. Қала әкімінің жүлдесіне арналған бұл жолғы айтулы додаға 30 балуан қатысып, өзара күш сынасты.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында VII қысқы Азиада ойындары өткен болатын. Сол кезде қазақстандық спортшылар толайым табысқа қол жеткізіп, жалпы есепте бірінші орынды жеңіп алған еді. Ұл-қыздарымыздың жетістігін былай қойғанда мемлекет тұңғыш рет ірі көлемдегі доданы ұйымдастыруда да алдына жан салмады. Әлемнің назары ауған бәсеке көпке үлгі болғандай. Тіпті сол жарысқа Қазақ елі бірінші рет алау эстафетасын ұйымдастырып, Азиада ойындарының бағдарламасына енгізген еді. Мұндай ерлікті көрген әлем жұртшылығы мен олимпиадалық комитет те жоғары бағасын берді. Астана қаласында жалауы желбіреген қысқы жарыстың ашылу салтанаты да талайдың таңдайын қаққызған. Жарыс өткен спорттық ғимараттары да заман талабына сай келіп, мәртебеміз бір көтеріліп қалған болатын. Тіпті сол жарыстан кейін Ресейде қысқы Олимпиадалық ойын өткені де есімізде. Мұндағы менің айтпағым, жарысты ұйымдастырушы жақтың бірнеше маманы келіп біздің өткізіп отырған додадан көптеген мәліметтер мен жарысқа енген бірқатар дода түрлерін де бақылады. Нақтырақ айтқанда, шаңғымен бағдарлау жарысына қызығушылық танытқаны да есімізден кете қойған жоқ. Міне, сол кездегі бедел мен мүмкіндікті анық байқаған олимпиадалық комитет Қазақстан Республикасына Дүниежүзілік Универсиада ойынын да сеніп тапсырды. Оны өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Осы орайда келер жылы Алатау баурайында шымылдығын түретін додаға аз-кем тоқталайық.
Шығыс жекпе-жек өнерінде талай белестерді бағындырып жүрген ұландарымыз жетерлік. Ұшы қиырсыз бұл спорттың түрін меңгерген ұл-қыздарымыз әлемдік аренада атой салып, ел намысын жоғары ұстауда. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде қолға алынған джиу-джитсу спорты қанатын кеңге жайды.
Өзінің сан қырлы салалы әдістерімен жеткіншектерді баурап алған жекпе-жекке қызығушылар қатары көбейіп, түрлі турнирлердің де саны артты. Міне, осындай спортқа қызыққандардың арасында Жандос Нұрмұханбетов те бар.
Жандос бұл спорттың түрімен жасынан айналысады. Алғашында дзюдо күресіне барған жеткіншек бертін келе джиу-джитсуға ауысты. Айдос Усабаевтың қоластына өткен жас спортшы өзін жақсы қырынан көрсетті. Бапкердің үйреткен әдістерін сауатты жасап, шеберлігін шыңдай түсті. Болашағынан көп үміт күттірген Жандос көптеген жарыстарға қатысты. Алғашында қала, облыс, республикалық додаларда жұлдызы жарқырап, жүлдегерлер санатынан көрініп жүрді. Талайдың мысын басқан Жандос Ержанұлы жуырда тамаша жетістікке қол жеткізді. Бұрын ел ішіндегі бәсекеде айдарынан жел ессе, бұл жолы әлемдік сыннан қанжығасы майланды. Испанияның Мадрид қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып қайтты. Ел намысын қорғауға Қазақстаннан он екі спортшы бақ сынады. Сол саңлақтардың арасынан екі ұланымыз жүлдеге қол жеткізіп қайтты. Оның біріншісі 69 келі салмақта астаналық Дархан Нұртаев қолаға қол созса, екінші қоланы 56 келіде Жандос еншіледі. Жетісулық жігіт алғашында жасөспірімдер арасында бақ сынауы тиіс еді. Он алтыға жаңа толған Жандос Мадридте жастар арасында өнер көрсетеді. Жарысты ұйымдастырушылар жастар мен жасөспірімдерді біріктіріп, бір жарыс етіп өткізген. Өзінен едәуір үлкен болса да сынға түскен жерлесіміз қаймықпады. Жеңілсем жер көтереді, ел намысын аяққа таптатпаймын деген ұлы даланың ұланы қарсыластарына оқша атылды. Бірінші кездесуінде Румыния спортшысына қарсы тұрды. Талайды тас-талқан етіп ұтып жүрген Жандос қарсыласын ойсырата жеңді. Екінші жекпе-жегінде Словения спортшысын жолынан тайдырды. Жартылай финалда италиялық спортшыға жол берді. Әлемдік сында әбден ысылған италияндық спортшы біздің ұлдың қармағына түспеді. Оның үстіне жасы да үлкен. Бұғанасы жаңа бекіген Жандосқа сол жағы кедергі келтірді. Әттең, өз жасы болғанда мүмкін алтын жүлде біздің уысымызға түсер ме еді? Оның үстіне бұл чемпионат Жандостың алғашқы әлем біріншілігі. Иә, оған бола қапаланбады. Қолаға таласу кезінде неміс спортшысын атойлап жүріп ұтқан жетісулық Жандос Ержанұлы алғаш қатысқан әлем чемпионатынан қола жүлдені қанжығасына байлады. Көк туды көкке өрлеткен жерлесіміз әлі талай биік белестен өтетінін бапкер алдында айқын дәлелдеп, елге толайым табыспен оралды.
ӘМІР САНА
Дубайда ашық суда жүзуден халықаралық турнир болды. Әлемнің кіл мықтылары бас қосқан бәсекеге облысымыздан да спортшылар қатысып табыспен оралды.
Дәурен Искаковтың шәкірттері қос алтынға қол жеткізді. Ашық суда балықша жүзген Мария Федотова 6 шақырым қашықтықты еркін бағындырып, турнирдің алтын медалін мойнына тақты. №8 мектептің түлегі бұған дейін ел ішіндегі бәсекелерде де топ жарып жүрген сақа спортшы. Одан кейін өзінің әріптесінің жарқын жолын жалғаған Арайлым Төлеуханова да алтын тұғырдан қол бұлғады. №25 мектептің 9-сынып оқушысы 4 шақырым қашықтықта шеберлік танытып, мәреге барлығынан бұрын жетті. Міне, Жетісудың желпілдеген жас құрағы халықаралық турнирде қос алтынды қанжығамызға байлап, бапкер үмітін ақтап, елге олжамен оралды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.
Сайтта: 60 қонақ