Басып шығару
Сенбі, 16 Сәуір 2016 00:00

«Бөрілер» белдесуге дайын

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

taldibori

«Жастар» спорт сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай қазақ күресінен «Талдықорған бөрісі» іріктеу турнирі өтті. Қала әкімінің жүлдесіне арналған бұл жолғы айтулы додаға 30 балуан қатысып, өзара күш сынасты.

Жарыстың ашылу сал­та­на­тына қала әкімі Бағдат Қарасаев, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және «Қазақстан Барысы» қазақ күресінің вице-президенті Сәрсен Құранбек қатысты. Бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған мәртебелі меймандар ұлттық спорттың қарқыны жыл санап өсіп келе жатқандығы және осындай үлкен көлемде қанат жаюы Елбасының сындарлы саясатының арқасы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бағы мен бабы келіскен балуандарға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады.

Көп ұзамай көптен күткен балуандар бәсекесі де басталды. Осы жерде айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда додаға қатысатын балуандардың санының артқандығы. Соның ішінде ерекше назар аударатын мешіт жамағаты мен қоса имамдардың да қазақ күресіне және ұлттық өнеріміз бен салауатты өмір салтын ұстанатындығы қуантты. Ел ішінде имамдар тек қаза мен құдайы тамақта Құран бағыштап қана жүреді деген кері пікірдің бұлтын сейілт­кендей. Оған нақты дәлел «Иман» мешітінің найб имамы балуан Керімбек Дауытовтың өнері арқау болды десек артық айтпағанымыз. Расында да, нағыз күрес өнерін боз кілемде көрсеткен Керімбек көптің көкейіне жағымды ой ұялатып, сырт келбетімен көркемдігі арқасында жақсылыққа жетелейтін сауабты іс атқарды. Осыған қарап ақ, ислам діні бейбіт пен берекенің, салауат пен тазалықтың және әркез бейбітшіліктің бастауы екенін білуге болады. «Спорт – әлем елшісі», – деген осындайда ай­тылған болар. Сонымен боз кілемге бет алған отыз балуан екі топқа ілініп екі кілемде белдесті. «Сен тұр, мен атайын» деген жігіттер қарсылас­тарына арыс­танша атылып, мық­тылықтарын дәлелдеді. Бұған дейін де талай балуанның мысын басқан сақа спортшылар қара үзіп, жүлдеге қарай қадам басты. Бірінші кілемде қазақ күресінен әлем чемпионы Тоқтар Қарқатеров болса, екінші кілемде қарсыластарын қоғадай жапырған Жәнібек Дүйсенбаев шықты. Қос мықты да әккі спортшылар. Жәнібек бұған дейін осы жарыстың алтын жүлдесін ұтып алған спортшы. Сонымен қатар бір мәрте облыстық турнирде де аты озып, «Жетісу бөрісі» атанған-ды. Тоқтар да жүлденің дәмін татқан оғлан. Өткен жылы іріктеуден іркілмей өтіп, облыс­тық додада өнер көрсеткен болатын. Тартысты өткен боз кілем жекпе-жегінде ақтық сында Жәнібек пен Тоқтардың жолы түйісті. Екі балуан бір-бірін жыға алмай біраз әбігерге түсті. Ақыры шиыршық атқан Тоқтар кесек әдіс жасап, жартылай жеңіспен «Талдықорған бөрісі» атанды. Сәл сәттілік жетіспеген Жәнібек күміске қол жеткізді. Үшінші орынға Елдар Мұқанов қол жеткізді. Жеңімпаздарды қала әкімі Бағдат Қарасаев марапаттады. Алтын тұғырдан қол бұлғаған Тоқтар Қарқатеров 300 мың теңгелік сертификатқа ие болса, Жәнібек Дүйсембаев 200 мың ақшалай сыйақыны қоржынға тоғытты. Ал, жартылай финалда Тоқтарға есе жіберіп қойған Елдар Мұқанов 100 мың теңгені олжа тұтты. Жеңімпаз спортшылардың жаттықтырушылары да құралақан қайтпады. Оларға да ынталандыру жүлделері қарастырылып, ақшалай сыйа­қы берілді. Жарыста жеңіске деген жігері үшін номинация­сымен Керімбек Дауытовқа 50 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Дәл осы күні Алакөл ауданы мен Қаратал ауданының да турнирі мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды. Алакөл ауданынан Жомарт Болатхан бірінші орынды жеңіп алса, күміс тұғырға Олжас Қайратұлы табан тіреді. Қаратал ауданынан екін­ші орынды Айтуби ауылдық округінің балуаны Ілияс Нүсіпбеков еншіледі, ал жүлделі бірінші орын Үштөбе қаласынан Ерасыл Бегасыловқа бұйырды. Енді турнир финалистері сәуірдің 22-сі күні өтетін облыстық «Жетісу бөрісі» сайысында бақ сынайтын болады. Балуандарымызға сәттілік.

Ришад Тұрғанбаев

Оқылды 384 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті