Басып шығару
Сенбі, 23 Сәуір 2016 06:00

«ӘУЛИЕ АТА» – жеңімпаз

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

11at

Талдықорған қаласында ұлттық ат спорты түрлерінен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталмыш додада рес­публикамыздың он бес командасы бақ сынап, бір апта бойы Жетісу жерін дүбірге бөледі.

Бұған дейін жарыстың ашылу салтанаты мен алғашқы күннің нәтижесін жазған болатынбыз. Енді іріктеуден дара шығып, жүлдеге қол жеткізген командалардың нәтижесіне тоқталайық.

Сонымен көкпар ойыны өте қызықты өтті. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер көк серкені та­қымға басып, ойын көрігін қыздырды. Кескілескен додада осалы жоқ. Барлығы да белсенділік танытып, төл өнерімізді төрге оздырды.

Осы жерде облыстық көкпар федерациясының президенті Орынтай Әмірғалиевтің еңбегін айта кеткен жөн. Аталған азамат облыста көкпардың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Әр ауданнан мықты деген жігіттердің басын қосып, құрама команда жасақтау әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Сондай-ақ, ұлттық спортты дәріптей отырып, әр аудан орталықтарынан команда құрып, көкпар алаңын жасап, балуандарға керектінің барлығын тауып, мықты сәйгүліктердің де додаға қосылуына жағдай жасап жүрген ұлтжанды азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Федерация президентінің маң­дай тері бүгінде ақталып келеді. Аталған додада облыстың командасы жап-жақсы өнер көрсетті. Өз әлінше сайысқа түсіп, қарсы келгендердің біразын қапы қалдырды. Нәтижесінде Маңғыстау командасын жеңіп, үшінші орынды қанжығаларына бай­лады. Ақтық сынға Атырау мен тараздық «Әулие ата» командасы шықты. Білекті жігіттердің айқасын тек көзбен көру керек. Алаңды шаңға бөктіріп, нағыз доданың қандай болатынын көрсетті. Тараздықтар қарсыластарының қазандығына серкені төрт мәрте салса, «Атырау» командасы бір ғана салыммен жауап қайтарды. Осылайша ешкімге дес бермеген тараздықтар сегізінші рет ел чемпионы атанды.

Жамбы атуда да құралайды көз­ге атқан мергендер бар екен. Бес қаруын сайланып, садағын мойнына асқан мергендер нысананы дәл көздеді. Қорамсаққа қол салып, қозы жауырын оқ алып, сұр жебені мөңіреткен мықтылардың арасынан Ақмола облысының спортшысы жеңіске жетті. Атпен зулап келіп, жамбыны атып түсірген Естай Айболат ел чемпионы атанды. Екінші орынға оңтүстікқазақстандық Сарыбай Айтбек қол жеткізсе, үздік үштіктің қатарына алматылық Саян Қыстаубаев кірді.

Теңге ілуде де ептілеріміз жетерлік екен. Өткен жылы Азия чем­пионы болған Ғалымжан бұл жолы да ептілігімен ерекшеленді. Жұрт алдында теңгені іліп әкеткен Ғалымжанның шеберлігіне таңдай қақпаған жанкүйер болмады. Әттегенайы, уақыт пен болмашы қа­теліктің кесірінен жүлдеге қол жеткізе алмады. Бұл спорттың түрінен үшінші орынды жетісулық Руслан Досжанов қанағат тұтса, екінші орынға Батыс Қазақстаннан келген Жанәділ Ғазезов тұрақтады. Үздік деп Ақтөбе облысынан келген Әліхан Башембаев танылды.

Аударыспақ та өз кезегінде қызықты өтті. Білекті балуандар ат үстінде ойқастап, қарсыластарын атынан аударып тастады. Жігіттің алымдылығын анықтайтын белдесуде күштілігімен көзге түскендер көп. Әйтсе де мықтылар озып шықты. 60 келі салмақта Ақмола облысынан келген Мейірхан Хамит жеңіске жетті. 70 келі шығыстық Ермек Жапишевке тең келер ешкім болмады. 80 келіде оңтүстіктің ба­луаны Темірбек Жұмадиев дара шықса, 90 келіде шымкенттік жігіт Сырым Ізбасаров алтынды уысына түсірді. +90 келіде Оңтүстік Қазақстан облысының жігіті Біржан Қосалиевке ешкімнің шамасы жетпеді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Оқылды 927 рет Қайталау: Жексенбі, 24 Сәуір 2016 13:13
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті