Сессияда Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 Жарлығына сәйкес облыс әкімі Амандық Баталов өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөнінде мәслихат депутаттары алдында есеп берді.
– Ағымдағы жылғы жеті айдың қорытындысы бойынша, есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыты бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілген. Өнеркәсіпте 298 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, нақты көлем индексі 98,4 пайызды құрады. 23 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға беріліп, 5 істеп тұрған өндіріс кеңейтілді, 1,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Ағымдағы жылы «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 955 жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 15,6 млрд. теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде 2,8 млрд. теңгеге 1 жоба іске асырылып, 250 жұмыс орны құрылды.
Шағын және орта бизнес белсенді дамуда. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 3,2 пайызға өсіп, 159,6 мыңды құрады. Барлығы 169,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, бұл өткен жылдан 2,5 пайызға артық.
Ауылшаруашылығында 144,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы күшейтілді, ағымдағы жылға 31,5 млрд. теңге бюджет қаржысы бөлінген. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына түсетін инвестициялар 9,5 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артық.
Биылғы 24 тамыздағы жағдай бойынша 298,0 мың га. астық жиналып, 573,2 мың тоннасы тартылды, ал орташа өнімділік – гектарына 19,2 центнер. Картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен жеміс-жидек өнімдерін жинау табысты өтуде. Өнімділік өсімі 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, орта есеппен 11,8 пайызды құрайды, тиісінше, жалпы өнімнің түсімі 1,4 есеге артқан.
Мал азығын дайындау жалғастырылуда. 1,7 млн. тонна шөп немесе қажеттіліктің 88 пайызы, 80,8 мың тонна пішендеме немесе қажеттіліктің 96 пайызы дайындалды.
Облыста 111,7 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. 830,6 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2014 жылдың тиісті кезеңінен 1,9 есеге артық.
Бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді жинау жоспары 101,4 пайызға орындалып, 137,2 млрд. теңгені құрады. Облыс бюджеті шығыстар бойынша 188,3 млрд. теңгені құрап, 98,3 пайызға орындалды.
Есепті кезеңде халықтың жұмыспен қамтылуына аса мән берілді. Облыста 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында жұмыспен қамту орындарына 21,9 мыңнан астам адам өтініш білдіріп, 16,1 мың жұмыссыз жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмысқа 6147 адам жіберілді.
Кәсіби оқытумен 1414 адам қамтылған. Оқуын бітірген 1113 адамның 50,9 пайызы жұмысқа тұрды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 861 адам, жастар тәжірибесіне 1055 түлек жіберілді. Нәтижесінде өз бетінше жұмыспен қамтылғандар үлесі 39,0 пайыздан 28,4-ке азайған.
Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша сомасы 880,8 млн. теңгеге 63,8 мыңнан астам аз қамтылған азаматтар әртүрлі бағыттағы әлеуметтік көмек алды. Кедейлік шегінен төмен тұратын халық үлесі 0,1 пайызды құрады.
Әкімдік жұмысында жылыту маусымына дайындық мәселесі елеулі орын алады. Бұл мақсатқа 7,6 млрд. теңге қарастырылған. Қажетті мөлшерде дизель отыны, мазут, көмір сатып алынды. Талдықорған, Үштөбе қалаларының қазандықтары қайта жаңартылуда, Сарқан қаласындағы қазандық құрылысы аяқталуда.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Талдықорған және Қапшағай қалаларында 25 шақырым жылу трассасын салу, сондай-ақ, Заречный ауылындағы қазандық құрылысы бойынша 1,7 млрд. теңгеге 6 жоба жүзеге асырылуда.
«Алматы-Талдықорған» магистральдық газқұбырының құрылысы жалғасуда. Барлығы 210 шақырым салынды, оның ішінде ағымдағы жылдың үлесінде – 54 шақырым. Осы мақсатта биыл 4,0 млрд. теңге бөлініп, игерілген.
Есепті кезеңде әлеуметтік сала одан әрі дами түсті. Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы 28 нысанның құрылысы мен жөнделуі жүргізілуде, оның ішінде 8-і жылдың соңына дейін іске қосылатын болады, бүгінгі күні 2 нысан пайдалануға берілді.
Жылдың соңына дейін Балпық би ауылындағы емхана, 3 дәрігерлік амбулатория, 1 ФАП және облыстық аурухана ғимараттарының арасындағы өтпе галереясы іске қосылатын болады.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінген. Облыстың медициналық ұйымдарының жабдықталу көрсеткіші 2015 жылы 77,94 пайызды құрады.
Есепті кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті күшейту мәселелеріне аса мән берілген болатын. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 10,5 млрд. теңге бөлінді. 6 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, қызметтік автокөлік паркі 104 бірлікке толықтырылды. Тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктілерінің құрылысы жүргізілуде, – деді.
Ары қарайғы сөзінде облыс басшысы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 40 елді мекенді орталықтандырылған су жүйесіне қосу, «Жол картасы жұмыспен қамту – 2020», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» бағдарламалары негізінде тағы да қосымша 50 нысанды сумен қамту жоспарланып, соған орай сапалы ауызсумен қамтылатын ауыл саны 628-ге жетіп, 84,4 пайызды құрайтындығын жеткізді.
«Балапан» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 7 балабақшаны пайдалануға беру, 8-іне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу, жекеменшік балабақшалар ашу қарастырылып отыр. Осылайша жыл соңына дейін балаларды бақшамен қамтуды 70 пайызға жеткізу көзделген, бүгінгі таңда 65,6 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері 2 мемлекеттік, 21 жекеменшік балабақша ашылды.
Үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептерді жоюда биыл 19 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 15-і 1 қыркүйекте пайдалануға берілмек. Олардың 5-еуі апатты жағдайдағы. 10-ы үш ауысымда білім беретін мектептердің орнын толтырады.
Облыс әкімі баяндамасын:
– Елбасының азық-түліктер бағасының негізсіз көтерілмеуіне орай берген тапсырмасы бойынша жедел штаб құрылып, күн сайын мониторинг жүргізілуде. Тұрмысы төмен тұрғындарды қолдауда әлеуметтік дүкендердің жұмысы жүйелі қадағаланып тұрады.
Біз Елбасының экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын қамтамасыз етуге және сақтауға, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған «100 қадам» тапсырмаларын орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Оларды толық көлемде пайдалануға тиіспіз, – деп қорытындылады.
Келесі кезекте облыстық мәслихат депутаттары Виктор Хильниченко, Жексембай Мейрембаев, Найля Үмбетова, Ызғарбек Бектұрсынов, Николай Калиновский жарыссөзге шығып, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Депутаттар облыс әкімінің жұмысына бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді.
Сессия барысында қаралған келесі мәселе облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсандағы «Алматы облысының 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №40-225 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нафиса Сатыбалдина баяндама жасады. Сондай-ақ, сессияда Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі қызметіне ұсынылатын кандидатурамен таныстыру үшін облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Әкежановқа сөз берілді. Депутаттар Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелігіне үміткер Ораз Сарсеновтың мемлекеттік қызмет саласында атқарған жұмысын саралай келе, бірауыздан дауыс берді.
Сессия соңында облыстық мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт облыс әкімі Амандық Баталовты Елбасы Жарлығы мен шыққан «ҚР Конституциясының 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттады. Мұндай награда аудан, қала әкімдеріне де табыс етілді.
Алма ЕСЕНБАЕВА