×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 158
Басып шығару
Жұма, 04 Қыркүйек 2015 18:00

Ғасырлар үні

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

Тәуелсіз ел тарихында ұлт рухын асқақтатар ұлан-асыр тойдың бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Айтулы мереке қарсаңында ұзақ жыл заң саласында абыройлы еңбек ете жүріп, ұлттық құндылықтарымызға перзенттік борышым деп қарап, ғасырлар үнін қос ішекті домбыра арқылы кеңінен насихаттап, бабалар мұрасын кейінгі ұрпаққа аман жеткізу жолында маңдай терін төгіп, өз үлесін қосып жүрген Әбіш Әділбеков ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Әбіш (Әбдіберік) Әділбеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Қостанай, Ақмола, Алматы облыстарында прокуратура саласында қызмет істеген білікті заңгер, Егіндікөл, Ұйғыр аудандарында және Қапшағай қаласында прокурор лауазымын атқарған. Қызметпен қатар ұлттық өнер саласында да өзіндік қолтаңбасы бар өнерпаз, бірнеше дүркін әнші-термешілер конкурсының жүлдегері.

ЖЕТІСУ:

–     Әбіш Баймұханбетұлы, сіздің заң саласында жүріп ұлттық мұрамыз үшін жанкешті еңбек жасап келгеніңіз бүгін ғана айтылып отырған әңгіме емес. Сондықтан тым әріден суыртпақтамай, бірден Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қосып отырған үлесіңізден сөзімізді бастасақ.

Әбіш Әділбеков:

– Ерекше бір айтатын нәрсе: «Жоқтан бар болмайды, бар өзінің жалғасын табады». Қазақ мемлекеті кеше ғана пайда бола қалған жоқ. Оның тегі сонау біздің эрамызға дейінгі Алып Ер Тұңға, сақ, ғұндардан басталып, Үйсін, Қаңлы, Алан мемлекеттерінен тартып, VІ ғасырда Түрік қағанаты, X -XІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті, XІІІ -XІV ғасырлардағы Алтын Орда, Көк Орда, Ақ Ордадан жалғасын тауып, бүгінге жетіп отыр. Солардың заңды мұрагері ретінде ғасырлар бойы өмір сүріп келген өз атақоныс мекенінде хандық құрған мемлекет. Кешегі XV ғасыр­да Қазақ хандығы болып жеке шаңырақ көтерген Жәнібек пен Керей хандардан бастап, XІX ғасырдағы Кенесарыға дейін қазақ халқын 38 хан басқарған. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әдеп-ғұрыпқа негізделген ел басқарудың заңдары мен ережелері, ғасырлардан жалғасқан сот жүйесін қалыптастырған Билер институты болды. Бүгінгі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» бағдарламасы осы бабалар жолын жалғастырып отыр. Бұл айтылған деректер тарихи шындық. Небір аласапыран заманды басынан өткеріп, мың өліп, мың тіріліп, ұлт ретінде сақталып, тарих көшінен қалмай бүгінгі мерейлі мерекеге де жеттік.

Осы дүбірлі тойға әрбір Қазақстан азаматы өз үлесін қосары анық. Мен де ұлт перзенті ретінде ұлттық мұрамызды дәріптеу арқылы дүбірлі мерекеге атсалысып отырған жайым бар.

ЖЕТІСУ:

–     Ендеше сол қосқан сүбелі үлесіңіз жайлы да айта кетудің орайы келіп тұр. Саналы ғұмырын прокуратура саласында өткізген заң қызметкері ұлттық өнерімізге қандай сый ұсынып отыр?

Әбіш Әділбеков:

 – Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты екі дисктен тұратын үнтаспам жарық көрді, яғни XVIII – XX ғасырларда ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың жыр-термелері. Оның бір ерекшелігі, мұндағы шығармалар бұған дейін жарыққа шықпаған тың туындылар. Бұлар менің талай жылғы еңбегімнің жемісі десе де болады, мұрағаттан, ел аузынан, ертеректегі басылымдардан жинаған құндылықтар. Негізгі қызметім заңгерлік болғанымен, жасымнан ән салып, күй шертіп, жыр-терме айтып келемін. Бұдан бір жыл бұрын «Ұлт рухы» атты жыр-терме, толғаулардан тұратын үнтаспам жарық көріп, халыққа таратылған еді. Соның заңды жалғасы ретінде осы екінші үнтаспам да халыққа жол тартты. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отырғандықтан «Абылай хан» дастанынан басталып, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батырлардың ел тәуелсіздігі жолындағы сыртқы жаулармен шайқастары жайлы жырлана келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін қазақ халқының қырғынға ұшырап, атамекеннен ауа көшуі және 1932 жылғы ел басына түскен нәубет ашаршылық жайындағы жырмен аяқталады.

Сонымен қатар, Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Бөлтірік, Асан, Кенен, Көдек, Шарғынның інжу-маржан термелері айтылады.

Үнтаспаға пікір жазған Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ермұрат Үсенов осы топтамадағы жыр-термелерді қазақ өнеріне қосылған үлес деп жоғары бағалап, мұндай жыр-жинақтың Жетісу жыр мектебі үлгісінде тұңғыш рет жарыққа шығып отырғанын және оның жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің бірден бір жолы екенін атап көрсеткен.

Кезінде Жетісу өңірінде жыршылық-термешілік мектептің туын көтерген жыраулар болған. «Мың бір түнді» 30 күн жырлаған Құлмамбеттің, қырғыздың «Манасын» күн-түн жырлаған Бөлтіріктің, шығыстың лироэпостық жырларын айлап жырлаған Қабан жыраудың, тағы басқа таланттардың жыршылық дәстүрі үзіліп қалды. Осы олқылықтың аз да болса орнын толтыру мақсатында, әрі жас ұрпаққа үлгі болсын деп аталған үнтаспаны жарыққа шығардым.

Шығыс түркістандық Ә. Нәбиұлының «Абылай хан» дастанында бала Әбілмансұрдың Төле биге келіп, Сабалақ атанып түйе бағуы, одан Бөгенбай батырға еріп қазақ жасағына қосылуы, жекпе-жекте жоңғар ханзадасы Шарышты өлтіруі, жауды жеңіп хан Абылай атануы көркем тілмен жырланады.

Саршуаш жыраудың Қабанбай батырмен арыздасуы халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі, алайда, қазіргі кезде ұмыт болған. Қабанбай батыр өмірден өтер алдында қатты сырқат екенін естіген Үйсіннің игі жақсылары, ішінде батырлардан – Наурызбай, Қойкелді, Райымбек бар, көңіл сұрау­ға барады. Бұл топта Қабанбайдың тұстасы албан Саршуаш жырау мен Жалайырдан Ескелді би бастаған ел ағалары келді. Үш күн жатып, Қабанбайдың көңілін көтеріп, өткен күндерден әңгіме-дүкен құрады. Саршуаш жырау батырдың ерлік жорықтарын жыр етіп, дәстүр бойынша арыздасқан (қош­тасқан) екен. Осыдан кейін батыр басын көтеріп, атқа мінуге жарап, жайлауға көшіп барғанда дүние салады. Бұл арыздасу үш ғасыр өткен соң халқымен қайта қауыштырып отыр.

 XVIII ғасырда өмір сүрген Сабдалы жыраудың «Райымбек батыр» дастанында Райымбек батырдың Көкпектің жазығында болған үлкен ұрыста бір күнде қалмақтың 17 батырын жекпе-жекте өлтіргені, Ағанас ханның басын алғаны, тапқырлық танытып өткел бермес Іле өзенінен қалың жасағын аман алып өткені жайлы ерліктері және шайқаста бірге жүретін ақ бурасының Хантәңірінің баурайынан батырдың денесін бірнеше күн жол жүріп, еш жерге шөкпей Алмалы қыстағына (қазіргі Алматы қаласы) жеткізгені жайында баяндалады. Жамбыл бабамыздың дастанында Қарасай батырдың ұрпағы Сұраншы батырдың қырғыздың қалың қолымен жалғыз өзі шайқасып, Орман ханды найзамен түйреп өлтіретін ерлігі баяндалады. XVIII ғасырда ғұмыр кешкен Қабан жыраудың термелері философиялық ойдың тереңдігімен, халықтық інжу-маржан сөздерімен ерекшеленеді. Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Кенен, Асан, Жүсіпбек қожа, т.б. үнтаспадағы ақын-жыраулардың жыр-термелері жайлы да осылай деуге болады. Асан Барманбекұлының «Бодандық қасіреті», «Бодан болдық жарт жұртқа» дастандарында, аты айтып тұрғандай, Патшалы Ресейдің ХІХ ғасырда отарлау саясатынан зардап шеккен қазақ халқының тағдыры көркем тілмен суреттеледі.

Жетісу:

–     Жаһандану жағамызға жармасып, ұлттық құндылықтар құлдырап тұрған уақытта атадан балаға мұра болған дәстүрлі өнерімізді дәріптеу­іңіз еліміздің болашағына қосып отырған үлкен олжа. Дегенмен, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби жыршы-термешілердің көбі жасап үлгермеген дүниені іске асыру өз атыңызды шығару ма, әлде ұлтқа деген шынайы жанашырлық па?

Әбіш Әділбеков:

– Ат мініп, шапан киюді мақсат етуден құдай сақтасын. Жоғарыда айтқанымдай мен өнерге орта жолдан қосыла салған жоқпын. Бала кезімнен жыр-термені жаттап, құндылығын жадымда сақтап өскен жанмын. Ал неге үнтаспа шығарып жанталасып жүргенімді айтсам, ата-бабаларымыздың ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғаған ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызда ел басқарған хандар, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болған жоқ. Олардың елін, жерін қорғаудағы ерлік істерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуші ақын, жыраулар ұлттың рухын асқақтатып отырған. Нақты оқиға желісіне құрылған батырлар жырлары мен қисса, толғауларды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың жүрегінде ұлттық намыс, ұлтқа тән мінез қалыптасады. Ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды. Адамның рухы жоғары болуы ушін рухани азық керек. Ал оны ұлттық өнерден аламыз, яғни ән-күй, терме, жыр, шешендік сөздер, айтыс. Адамға ауа қандай қажет болса, рухани азық сондай қажет. Ұлттық өнер – бабаларымыздан қалған халқымыздың асыл мұрасы. Осы асыл мұраны дәріптеу – бізге перзенттік борыш. Менің бар мақсатым осы. Ұлттық рухты дәріптеу, яғни бабалардың асыл мұрасы – жыр-термелерді жырлау арқылы ұлт рухын ұлықтау. Ұлттық рухтың негізі – ұлттық намыста екенін жеткізу. Осылайша бабалар аманатын орындау, олардың асыл сөзін жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық тәрбиені насихаттау. Жастардың бойына, ұлтына деген мақтанышты, өнерге, мәдениетке құрметті қалыптастыру. Қазақ елінің тарихына сүйіспеншілікпен қарап, оқуға қызығушылығын ояту. Ұлттық намыс пен ұлтқа тән мінез қалыптастыру. Ұлттық тәрбие берудің жолы – ұлттық өнерді және ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу.

 ЖЕТІСУ:

–     Яғни, ұлттық тәрбиенің өзегі дәстүрлі ән мен жыр-термелерде екенін жастар санасына сіңіре білуде болып тұр ғой. Осы тұрғыда тек үнтаспа шығарумен ғана шектелдіңіз ба, әлде басқа да қырынан келіп жүрсіз бе?

Әбіш Әділбеков:

– Мен айтар едім, ақыл мен парасаттылықтың және имандылықтың белгісі – термеде. Ерлік пен елдіктің белгісі – батырлар жырында. Даналық пен көсемдік – шешендік сөздерде. Бабаларымыздың жүріп өткен жолы – ерлікке, даналыққа толы. Өзін-өзі сақтап қалған халық – нағыз батыр халық. Мен осы халықтың перзенті болғанымды мақтан тұтамын. Қазақ елінің бостандығы үшін бабаларымыз қанын төгіп, жанын берді. Мақсаттың үлкені ұлтқа қызмет ету, өнеріммен де, қызметпен де. Мен ұлттық өнерді дәріптеуде тек үнтаспаның айналасында ғана жүрген жоқпын. Соның бір айғағы, осы жылдың мамыр айында «Нұр Отан» партия­сының қолдауымен Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей қалаларында болып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін дәріптеп, университет студенттерімен, музей қызметкерлерімен кездесу жасап, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек батыр дастандарын жырлап, терме-толғауларды айтып ұлт рухын асқақтатып қайттым. Студенттердің қазақ тарихына, жыр-термелерге деген қызығушылықтары ерекше болды, кездесулер өте әсерлі өтті. Жастар біздің болашағымыз дейміз. Егерде олар өз елінің тарихын білмесе, ондай жеткіншектен Отанын сүйетін патриот шықпайды. Сондықтан елі мен жерінің тарихын білу басты міндет. Бұл жолғы мақсатым, бабалар мұрасы арқылы жас ұрпаққа Отанды сүюдің, ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсету еді, бұл ниетім орындалды. Жастар өте жақсы қарсы алды.

Сонымен қатар, осы жылдың ақпан-сәуір айларында Райымбек, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданы мен Алматы қаласының кейбір мектептерінде, колледждерде болып оқушылар алдында бабаларымыздың ерліктерін жырлап, інжу-маржан термелерін айтып, жыршылық дәстүрді насихаттадым. Алматы қаласының қарттар үйінде де болдым.Үлкенге құрмет – бізге міндет.

Енді міне, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай астанада өтетін дүбірлі тойға баратын облыс делегациясының қатарына еніп, Елорда төрінде де арнайы кездесулер ұйымдастырып, жыр-термелерімізді насихаттаудың орайы келіп тұр.

ЖЕТІСУ:

–     Ұлттық тәрбиені ұлықтау жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын. Ағынан жарыла айтқан әңгімеңізге рақмет!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Оқылды 833 рет