×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 158
Басып шығару
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек 2015 18:00

Ардагерлер атымен аталады

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевтың төрағалық етуімен ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Ақсу, Балқаш, Райымбек аудан­дарындағы ономастикалық жұмыстарға байланысты атқарылған іс-шаралар туралы аудан әкімдері орынба­сарларының есебі тыңдалды.

Аталмыш аудандарға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқар­маның алдын ала жүргізген тексеруі барысында тіл заңдылығының сақ­талмауына байланысты бірқатар кем­шілік анықталған болатын. Атап айтар болсақ, Ақсу ауданы бойынша 49 елді мекеннің екеуінің орысша атауы бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Арасан ауылындағы Садовая, Депо, ДМСУ-45 көшелерінің атауы да өзгертуді қажет етеді. Сонымен бірге ауданда көшеге аты берілген кісі есімдерінің толық жазылмауы жиі ұшырысады. Қапал ауылындағы көше атаулары қазақшаланбаған күйі «Т. Бокина, М. Дулатова, О. Джан­досова, А. Молдагуловой» болып тұр. Жан­сүгіров ауылында орналасқан айнал­мадағы «Мир», «Богатство», «Друж­ба» ұран жазулары орыс тілін­де ғана жазылып, орналастырылған.

Балқаш ауданында өңірдегі оно­мас­тикалық ахуалды жақсарту мақса­тында бірқатар жұмыс атқарылуымен қатар олқылықтар да орын алып отыр. Бүгінгі күнге дейін округ, ауыл атауларында «селолық» сөзі тиісінше «ауылдық» сөзіне ауыстырылмаған. Бірлік, Бақбақты ауылдарында А. Иманов, Ж. Жабаев, М. Мәметова атындағы көше аншлагтары тек орыс тілінде ғана ілінген. Бірлік, Ақкөл ауылдарындағы көше атаулары қате жазылған әрі жаңартуға қаржы қарас­тырылмағандықтан жазуы өшіп, әб­ден тозығы жеткен. Сонымен қатар Ақжар, Береке, Қарой, Ақдала, Бақа­нас, Көктал ауылдарындағы кейбір көшелерде аншлаг жоқ. Желтораңғы, Көктал, Ақкөл, Балатопар ауыл­да­рындағы көше атауларында кісі есім­дері толық жазылмағандықтан нақты кімнің атына берілгендігі талас туды­рарлық жағдайда. Үшжарма ауы­лында кейбір орысша атауларды ө­гер­туге байланысты жұмыс жүргізілмеген.

Ал Райымбек ауданының Кеген, Текес ауылдарында көшелер атауы­ның жазылуында бірізділік сақтал­мастан «ул. Абая, ул. Джандосова, ул. Амангельды» деп орыс тілінде ғана берілген. Мұндағы тұрғындардың 99 пайыздан астамын қазақ ұлты құрай­тындығына қарамастан әлі де Кеген, Нарынқол ауылдарының сауда орын­дарында «мебель, бытовая техника, посуда, вулканизация, ксерокс, лами­нация» деген жазулар ресми тілде ғана көрініс тапқан. Сондай-ақ, мемле­кеттік кірістер басқармасындағы кей­бір ақпарат тек орыс тілінде жазылып, ілінген.

Міне, осындай орын алған олқы­лықтардың орнын толтыру барысында атқарылып жатқан шаралар жайын Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Сәбит Қорғанбаев, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Сайран Сма­ғұлов, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Талғат Байеділов баян­дап, бұл мәселелердің жуық арада шешімін табатынын жеткізді.

Комиссия отырысында көше ата­уы­ның ауысуына байланысты тұр­ғындардың банктен несие алу жағ­дайында, үй сату кезінде туындайтын мәселелер де ортаға салынды. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев ономастикалық комиссия атынан банктерге ауылдың немесе көшенің атауы өзгергендігі туралы хат жіберу арқылы бұл мәселені шешуді ұсынды.

 Сондай-ақ, отырыс барысында биылғы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін көшеге беру бойынша ұсы­ныстар қаралып, бірқатары мақұл­данды. Ал, құжаты толық емес деген­дер толықтырылған соң комиссияның алдағы отырысында қайта қаралатын болады.

Оқылды 1179 рет