Бүгінде аталған мекеменің Үштөбе бекетінде жол шебері қызметін атқаратын Бекет Дүйсенбекұлы жаздың аптап ыстығына шыдап, қыстағы ақ қар, көк мұзға қарамастан аянбай еңбек етуде. Теміржол бойымен жүріп, жол қауіпсіздігі шараларын өз қолымен атқарады. Теміржол аса қырағылықты қажет етеді. Жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар қашанда теміржол бақылаушыларына сенім артады. Олардың қауіпсіздігін сақтау – Бекет пен әріптестерінің басты борышы.
– Өмір құбылыстары әртүрлі ғой. Кім қай жерде тұрақты еңбек етіп жүрсе, сол жердің ахуалына бейімделеді. Яғни, маңдайына бұйырған кәсібінің несібесін тереді де. Теміржолдың да өз тіршілігі, қызығы бар. Теміржол қызығын тамашалаған бала кезім ойыма оралады. Қалаған мамандығым бойынша еңбек жолын бастаудың оңайға соқпағаны анық. Алғашында өзімнің еңбекқорлығыммен ауыр жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңған ардагер теміржолшылардың сын-ескертпелері үлкен көмек болды. Сондай-ақ, осы мекемеге келгенімде жұмысқа деген қызығушылығымды арттырып, өз ақыл-кеңесін аямаған әріптесім Мадияр Әбішевке айтар алғысым шексіз. Әрине, мамандықтың қыр-сырын меңгеру үшін жалаң еңбектің пайдасы жеткіліксіз. Ол жұмысқа деген құлшыныспен астасып жатса, адамның өз ісінің хас шеберіне айналуы ғажап емес, – дейді теміржолшы жігіт.
Бойында барлық абзал қасиеттері бар азамат өз мамандығы туралы сөз қозғағанда көздері оттай жанып, күнделікті атқаратын жұмысын ерекше ықыласпен баяндады. Сөз арасында: «Егер өмірге қайта келетін болсам, өмірімді осы теміржолмен өрер едім. Өзімді басқа мамандықта елестете алмаймын», – деп жымиып қойды.
Кәсібіне берілген еңбекқор жігіттің өмірге, жұмысқа деген құштарлығы ерекше. Әр сөзінен болашаққа деген сенімі байқалады. Болат жолды өмірлік кәсіп, отбасылық нәсіп еткен Бекет Дүйсенбекұлының биік белестен көрінуіне тілектеспіз.
Альфита СЕКСЕНБАЕВА.
Қаратал ауданы.