×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 158
Басып шығару
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2015 18:00

Мерей тасытқан мереке

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде ел бойынша «Еңбек күні» аталып өтеді. Ерекшелігі сол – әр сала ма­мандары мен қарапайым еңбек адамдары бас қосып, ай­шықты күнді тойлайды. Жалпы, мұндағы мақсат адамдарды еңбексүйгіштікке баулып, оған ынталы болуға тәрбиелеу. Биыл бұл мереке алғаш рет Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ұйым­дастырылды. Салтанатты шараға егемен елімізді нығайтып, қоғам дамуына үлес қосқан еңбек адамдары шақырылып, оларға барынша сый-құрмет көрсетілді.

Шара басталмас бұрын теле­көрсетілім арқылы еселі еңбектің арқасында еліне елулі, халқына қалаулы болған ата-әжелеріміздің өмірі жайлы қысқаша баяндалып, көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, онда ауыл, мал шаруа­шы­­лы­­ғының дамуына барынша үлес қосқан Төлеген Құлахметов, өмірі­нің елу жылын жүгері өсіруге ар­нап, осы сала бойынша мол тәжі­рибе жинақтаған Рахилям Сейітова сияқты жандардың өмірінен сыр шертілді. Сондай жандардың бірі балқаштық Көбенбай Шолпан­беков ақсақал жасы жетпістен асса да әлі күнге байыз тауып отырған жан емес. Еңбек түбі бере­ке екендігін жақсы түсінген ол әр күнді тиімді пайдалануға тыры­сады. Қолы қалт етсе болды қамыс орып, бақша егумен айналысады.

Ол талай жылдан бері осы істің қыр-сырын жете меңгеріп, пайда­сын көріп, отбасын асырап жүрген жан­дар­дың бірі. Ақсақал: «Еңбек етіп, нәпақа тапқысы келетін адамға қай кезде болсын екі қолға бір күрек табылады», –дейді өз сөзінің бірін­де. Ұстаз болу да оңай жұмыс емес. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі қашанда ұстаздарға байланысты байланысты. Жарты ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, білім әлемінде өз қолтаң­басын қалдырып үлгерген жетісу­лық ардагер ұстаз Гүлжамал Есен­баеваның есімін ерекше атап өткен орынды. Ұлы мамандыққа бар күш-жігерін жұмсап, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер әже жетпіс жасты алқымдаса да ұрпақ өсіруде талай істің басы-қасында болып, өз қамқорлығын көрсетуде. Теле­көрсетілімде осының бәрі ты­ным­­сыз еңбектің арқасында жеткен жетістіктер екендігі паш етілді.

Жиналғандар көңіліне айрық­ша әсер қалдырған көрсетілімнің жал­ғасы сахналық қойылымға ұл­ас­ты. Онда еңбек тақырыбына бай­ла­нысты әке мен бала арасында жақ­сы әңгіме өрбіп, Жетісу жерінде өмірден өткен Еңбек Ерлерінің есімдері аталынды.

Бұдан соң сахна төрінен орын берілген Социалистік Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова, Ыдырыс Әбді­құлов, Евгений Обидин, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Балқаш ауда­нының Құрметті азаматы Бей­сетай Дәуренбеков, бүкіл ғұмырын ұстаз­дыққа арнаған Ұлы Отан со­ғы­сы­ның ардагері, Даңқ, «Құрмет бел­гісі» ордендерінің иегері Тоқ­тарбай Қанапиянов, Бикен Римова атын­дағы облыстық драма театрын алғаш құрушылардың бірі, қазақ театр өнерінің хас шебері, 1975 жылдан бері ҚР Театр қайрат­кер­лері одағының мүшесі, Қазақс­тан­ның Халық әртісі, облыстың Құр­метті азаматы Алмахан Кенже­бековаға құрмет көрсетілді. Төрде отырған ата-әжелерге облыс әкімі Амандық Баталов жетісулық жұрт­­­шылық атынан шапан жауып, сый-сияпаттар табыс етті.

Естелік суретке түсіп, өзінің жүрекжарды алғысын жеткізіп, құрмет білдірген Амандық Ғаббас­ұлы жиналғандарды «Еңбек күні» мерекесімен шын жүрегімен құт­тық­тап, жылы лебізін, ізгі ниетін жеткізді. Келесі кезекте ерен еңбе­гімен еленіп, ел құрметіне ие бол­ған бір топ еңбек адамы «Еңбек әулеті», «Еңбек ардагері», «Өз кәсібінің үздігі» номинациялары бойынша облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қарт­тар мен мүгедектерге арналған Қапшағай интернат үйінің шаруа­бикесі қызметін атқарып, зейнет­керлік жасқа шыққан Валентина Трондина мен Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша бас­қар­масының бөлім басшысы Сей­сенбек Іңкәрбековке «Еңбек ар­дагері» медалі табыс етілді. Еңбек ұлықталған мереке концертпен жалғасты.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.

 

Оқылды 3234 рет