Басқосуға «Нұр Отан» партиясы облыстық және Талдықорған қалалық филиалының қызметкерлері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Ассамблеяның ХХІV сессиясының делегаттары қатысты. «Дөңгелек үстелде» халқымыздың ауызбіршілігі, достығы мен татулығы және ұлт пен ұлыстардың өзара қарым-қатынасы сөз болды. Сондай-ақ, отырыс барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған манифесін насихаттау, әрі 2016 жылға арналған бірлескен жоспарды талқылады. Жоспарға байланысты пікір алмасып, ұсыныстар айтылды.
– Құрметті жиналған қауым, баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Аталмыш дата әр қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің басты байлығымыз, – деп Садық Әбдіқадыров, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін мысалға алып, өткен сессияның маңыздылығын алға тартты. Одан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысқан делегаттар сөз алып, әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай өз ойын былай жеткізді: «Осы жолғы болған жиынның алғашқысынан айырмашылығы жер мен көктей. Біз сондағы шын жүректен айтылған сөздер мен халқының Елбасына артқан сеніміне куә болдық. Бұл сессияға өзге елдерден де азаматтар келіп қатысты. Олар біздің береке-бірлігіміз бен ұлтаралық татулығымызға тәнті болып, «Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығына таңдай қағысты. Тарихи басқосуға айналған бұл сессия Қазақстанның жаңаша өрлеу, даму, өзге елдермен бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуының мұрындығы болды», – деп барлығын жұмыла жұмыс істеуге, Елбасы тапсырмаларын бірлесе орындауға шақырды.
Мәулен ӘНЕРБАЙ