Басып шығару
Бейсенбі, 05 Мамыр 2016 00:00

Бірінші тоқсан қорытындыланды

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

3

Облыс әкімі Амандық Баталовтың төра­ғалығымен өткен жиында облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы бойын­ша бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстары қоры­тын­ды­ланып, алдағы міндеттер белгіленді.

Сонымен бірге барлық дең­гейдегі әкімдердің тұр­ғын­дармен есепті кездесуінде ай­­тылған ескертулер мен ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу бары­сы сара­ланды. Жиынға облыстық деңгейдегі бас­қармалар мен департамент басшылары, аудан-қала әкімдері, мәслихат хатшылары, құқық қорғау органдары мен «Нұр Отан» партиясы фи­лиа­лының, кәсіподақ ұйымдарының қыз­меткерлері және бұ­қа­ра­лық ақпарат құрал­дарының өкілдері қатысты.

Амандық Ғаббасұлы ал­ды­мен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен та­ныс­ты­рып, келесі сөзді бірінші орын­басары Ләззат Тұр­ла­шовқа берді. Оның айтуына қарағанда, осы бағыт бойын­ша қолға алынған игі істер мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес көрінеді. Қай салада болсын ілгері­леушілік бар. Соның бірі ауылшаруашылығы. Мәселен, аталмыш салада жыл басынан бері барлығы 58,1 млрд. тең­генің өнімі өндіріліп, өткен жыл­мен салыстырғанда 104,4 пайызға өскен. Дақылдардың егістік алқабы да былтырға қарағанда 3,4 мың гектарға артып, 929,6 мың гектарға жеткен. Бүгінде ауа райының қолайлы сәтін тиімді пай­да­лануды ойлаған шаруалар көк­темгі дала жұмыстарын сә­ті­мен жүргізіп, жер жырту, май­лы және масақты дәнді да­қыл­дар, көкөністер, қант қы­зыл­шасының тұқымын егу, картоп отырғызу сияқты істерді реті­мен жүзеге асыруда. Ол үшін 22,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, қажетті минералды тыңайтқыштар және гербицидтермен де қам­та­масыз етіліпті.

Анықталған 272,7 мың гектар ауылшаруашылығы бағытында пайдаланылмай жатқан жердің 77,4 мың гек­та­ры пайдалануға алынып, 53,9 мың гектар иесіз жер бойын­ша материалдар мемлекеттік меншікке қайтару үшін сотқа беріліп, 14,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қай­та­рылған. Мал, құс етін өндіру жұмыстары да оң жолға қойы­лып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір­неше пайызға артқан. Мал ба­сының өсуіне серпін беріп отыр­ған «Сыбаға» «Құлан», «Ал­тын асық» бағдар­ла­ма­ла­рының жүзеге асырылу бары­сы да жаман емес. Өнеркәсіп са­ласында 128,1 млрд., өңдеу өнеркәсібінде 100,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, жаңа 7 нысан іске қосылып, 5 өндірісті кеңейту есебінен қосымша жүзден аса жұмыс орындары құрылған. Десек те, был­тырға қарағанда өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі Қаратал, Ескелді аудандарында біраз төмендепті. Крахмал және крахмал өнімдерінің өн­дірісі, минералды және ал­ко­гольсіз сусындар, өткізгіштер мен электр кабельдері, ашытқы және темекі өнімдері бірнеше пайызға азайған.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өскен. Бюджетке түскен қаражат та аз емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері 3,4 млрд. теңгеге елуден аса жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Биылдың бірінші сәуіріне 33 азық-түлік тауа­рының 25 түрі бойынша баға шекті деңгейден жоғары бел­гіленген. Соның ішінде орам­жапырақ, шәй, өсімдік майы, қант бар. Ал бөлшек сауда айналымы 51,3 млрд. теңгені құраған, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 98,1 пайыз. Тауар айна­лымы тоғыз аудан және екі қалада, соның ішінде Сарқан, Талғар, Райымбек, Ұйғыр, Ақ­су аудандарында айтарлықтай төмендепті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар кө­ле­мі 63,4 млрд. теңгені құра­ған.

Инвестициялық салымдар көлемі Ақсу, Кербұлақ, Ұйғыр, Жамбыл, Сарқан, Панфилов, Іле аудандарында бірнеше пайызға азайыпты. Құрылыс сала­сында да атқарылып жат­қан жұмыс аз емес. Есепті ке­зең­де 249,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, ел қуанышын еселеген. «Өңір­лерді дамыту – 2020» бағ­дар­ламасы аясында 13,3 мың шар­шы метр тұрғын үй іске қосы­лып, сумен қамту және су бөлу жөніндегі 55 жобаны жүзеге асыруға 10 млрд. теңге қаражат қарастырылып, 49 жоба бойын­ша жұмыс аяқталыпты. Сон­дай-ақ, 27 елді мекен ауыз­сумен қамтамасыз етілсе, 98 елді мекен газдандырылған. Бұдан бөлек «Тұрғын үй ком­му­налдық шаруашылығын жаң­ғырту» бағдарламасы ая­сында биыл қайтарылған қара­жат есебінен жалпы 78,0 млн. теңгеге Талдықорған мен Қап­шағай қаласында алты көп пә­терлі тұрғын үйді жөндеу жос­пар­ланыпты. Сондай-ақ төрт мыңнан аса жұмыс орны құ­рыл­ған, яғни, бұл жұ­мыс­сыз­дық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай оң әсер еткен.

Еңбек орындарын сақтау және жұмысшылардың бо­сауы­на жол бермеу мақсатында алты мыңнан аса кәсіп­орын­дармен меморандум жасалып, «Жұмыспен қамту жол картасы –2020» бағдарламасы аясында шағын несиелендіруге 5,8 млрд. теңге қаражат қарас­ты­рылған. Білім саласында 44 нысанның құрылысы мен қай­та жаңғырту жүргізіліп жатқан көрінеді. «Балапан» бағ­дар­ламасы бойынша он балабақша және жұмыс істейтін үш бала­бақшада қосымша топтар ашыл­ған. Жалпы, биыл бар­лығы 84 балабақша ашылады десек, соның 9-ы мемлекеттік, 75-і жекеменшік. Денсаулық саласында алпыс пәтерлі «Дә­рігерлер үйі» іске қосылған. Де­мографиялық ахуал да жақ­сарған. Мәселен, бала туу көр­сеткіші жоғарылып, ту­бер­кулез бен қан айналымы ау­ру­ларынан қайтыс болу деңгейі төмендеген. Бірқатар аудан-қалада қылмыс жасаудың бар­лық түрі өскені байқалады.

Автожолдарда үш жүзден аса жол-көлік оқиғасы тір­келіп, өткен жылмен са­лыс­тырғанда 2,2 пайызға артқан. Сондай-ақ, жиында алдағы міндеттерге де шолу жасалды. Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы –2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары мен индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру, өнер­кәсіп, денсаулық сақтау са­ласын жандандыру, көк­темгі дала жұмыстарын са­палы әрі уақытылы өткізу, құрылыс істерін өркендету, бюджет есебінен бөлінген қаражатты мақсатты жұмсау, «Балапан» бағдарламасы ая­сында жекеменшік бала­бақ­ша­лардың санын арттыру, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты күшейту, бала­лардың жазғы демалысының ойдағыдай өтуіне назар ау­дару қажеттігі пысықталды.

Келесі кезекте облыстық ауылшаруашылығы мен құ­рылыс басқармасының бас­шылары Сексембай Бекішов пен Темірлан Бектасов өз салалары бойынша атқа­ры­лып жатқан жұмыстары жө­нін­де саралады. Сонымен бір­ге Райымбек және Ақсу аудан­дарының әкімдері Жанат Тә­жиев пен Әділбек Далбағаев ауданның әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму барысы тұр­ғысында баяндама жасады.

Бұдан соң жиынды қоры­тындылаған Амандық Ғаб­басұлы жалпы өңірде эко­но­ми­калық өсім қарқынының жа­ман еместігін және бұған ма­саттанбай, әсіресе ин­вес­ти­ция тартуға, мемлекеттік же­ке­меншік әріптестікті дамыту арқылы балабақшалар салуға, денсаулық сақтау мен өзін-өзі жұмыспен қамтуға, жол және құрылыс істерін өрістетуге, сондай-ақ, газдандыру сияқты басқа да жұмыстарды кү­шей­туге баса назар аудару қа­жет­тігін еске салып, орын­ба­сарлары мен салаға жауапты лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Со­нымен бірге біраз кем­ші­лік­терге тоқталып, осыған бай­ланысты сын-ескертпелер жа­сады.

Айгүл Байбосынова

Оқылды 785 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті