Басып шығару
Сенбі, 07 Мамыр 2016 00:00

Мен, мен едім, мен едім...

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

Қайратына мінсе қара сөзбен қабырғаңды қайыс­ты­рып, шерленгенде шарайна жерді шайқар, айбаттанса абадан арланның азуын қағып, ата жауды жайратар, семсер сүйіп серттескен серігін сұрапылда қалдырмай, сақсыры қанға толса да сая болар ерлер-ай?!

Түрен салса тоқтам болмас, ұрандаса жоқтау болмас жай отындай жарқ еткен оғландар-ай?! Қанды жорықта күнелтіп, қазақ әдебиетінің қамбасына қазыналы жыр қотарған қас батырларға, қылышы мен қызыл тілін қатар сермеген сал бабаларға сан шүкір. Солардың ішінде аумалы кезде атынан аумай, төкпелі кезде түренінен айнымаған баһадүр Махамбеттің ерлігі ерекше.

Тебінгісінен түйе теңселер текті перзенттің бірі – Өтемістің ұлы Махамбет. Ол дәуірлер өтсе де дәріптеуді сұранып тұрған тұлға. Бір сөзінің өзі бүкіл елдің ұраны болатындай, шамданудан емес, шамырқанудан туындаған мірдің оғы. «Боз ағашқа біткен мен едім, бұлтқа жетпей, шарт сынбан, Ел құтқарар ер едім, жандаспай ақыры бір тынбан», – деген жыр жолдары қасам ішіп қанды жорыққа ұмсынған батырлығына дәлел. Ал алтын басын айбалтаға тосқаны та­рихтан белгілі болса, бұл ерлігі өзінен сөзін биік қойғандығын аңғартады.

Махамбет – заманының за­рын бізге жеткізген шайыр. Бұра тартуға келмейтін, бұтарлауға болмайтын өлең өртінің иесі. Тағдыры түтіннің түзу ұшқан кезіне тура келмегендіктен де шығар, қылыш асынып, ба­сын­ған­ның басын алып, ел үшін етігімен су кешкендігі. Ал сөз сойылын соғуы бабадан арыл­маған арда қасиеттен деп бі­ле­міз. Оның рухты жырларына ар­қау болмаған дүние, теңеу бол­маған тектілік кемде-кем. Оған:

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай, – деген өр лепесті «Ереуіл атқа ер салмай» атты жыры мысал бол­мақ.

Қарап отырсақ қаймағы бұ­зылмаған қазақы жырдың кіл құнарлысы туындыларына топ­тас­қан екен. Мұның өзі ата жұр­тын сүйіп, салт-санасын сүйекке бітіргендігі мен сөздің парқын бөздің жарқылынан да артық қойғандығынан деп білеміз. Тек жауынгер жырының астарына бойлағанда өреміз еңкіш тартып тұрмаса яки дарияға бойлай алмай қалмасақ жеткілікті. Ал арда ұлдың астарлы сөзінің тігісін қарауға табандылығымыз бен талантымыз жетсе, онда алты Алаштың батырлығы мен жомарттығын толық тани ала­тын едік. Өйткені, ол өзі үшін кү­рескен жоқ, халқым деп қара­қан басын бәйгеге тіккен жауын­гер жыраулардың көш ал­дын­да. Бір ғажабы, жырау­ла­рымыздың қай-қайсысын алсақ та, толғамалы ақ найзасын ұм­сынып ұлты үшін жорық да­ласында айбар шаш­қан жандар. Жырларының ұқсас болып келуі, тармақтарының тұтастай қабысып жатуының өзі сол бір ерліктен, не болмаса бірінің сөзін бірі ұран ет­кен­діктен де шығар. Махамбеттің: «Мен, мен едім, мен едім, мен Нарында жүргенде, еңіреп жүр­ген ер едім», – деген жолдарын өзгі жыраулардан бөлектеп, өзін та­нытуға айтылған қаратпа сөз­дің ең нәзік үлгісі деп діл­мәр­сыған ғалымдар да баршылық. Алайда, «мен» өзін танытуға арналған сөз емес, қазақы бол­мыстың, жауынгер жұрттың кел­бетін ашар өр теңеудің өзі деп ұғынғанымыз абзал.

Батырдың байрағы жыр бол­ғанда, бақыты – халқының есен­дігі. Осы жолда қыранның қос қанатындай болған Махамбеттің ағасы әрі серігі Исатайдың өзі ерліктің еншіленбес ерен үлгісі һәм көрінісі іспетті. Сондықтан да Махамбеттің шығармасының басым көпшілігі Исатайға ар­налған. Тіпті, айнымас серігінің өмірлік келбетін ашып кеткен десек те болады. Бұл «болар ел­дің баласы, бірін бірі батыр дер» деген тәмсілге саяды. Бел­гі­лі қаламгер Әнес Сарай «Исатай Махамбет тарихы» атты кіта­бында: «Махамбеттің жас­тайы­нан «Қырымның қырық баты­рын» жаттап өскені даусыз. Ел жиналған ұзақ түндерде балаң дауыспен талай саңқылдап жыр­лаған да шығар-ау. Кейін ер жетіп есейіп, көтерілістің дабылын қағып аламанға жел берген Ма­хам­беттің қолбасшы Исатайды Орақ-Мамайдың жалғасы ретінде суреттеуі тегін емес», – деп тол­ғанады. Ақиқатында солай. Оған:

Толғай, толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан.

Қабырғасын қаусатқан,

Тебінгісін тесе атқан,

Тізгінінен кесе атқан,

Біздің қайсар батырдың,

Жүрегін сөйтіп оятқан,

Кешегі Орақ пенен Ма­май­дай,

Батырлар, шіркін, болар ма-ай! – деген өлеңі біз айтқан ақи­қат­тың ауылына мінсіз бағыт сіл­тей­ді. Мұның өзінен Махамбеттің «Орақ-Мамай» жырымен таныс екендігін, сондай-ақ, батырлар жы­рымен сусындап өткендігін аң­ғарамыз. Сондықтан да, білімі бір пара, батырлығы жеке-дара, жыр­ларының өзі сан кітапқа ар­қау боларлық.

Махамбеттің келбетін бүгінгі таңда қаншалықты ашып, жас ұрпақтың жүрегіне жеткізе алдық деген мәселе көлденеңдегенде көңілге кірбің түсері хақ. Оған қаламгер қауымды не болмаса ға­лымдар мен батырлықты ба­ла­сына айтып жеткізе алмаған қай­мана қазақты кінәлай алмаймыз. Ханнан да илікпеген, сұлтанның сұрқынан сызы басылып көр­ме­ген тектілігімізді төрден емес, ба­балармен бірге кеткен көрден із­деп әлек болатынымыз да жа­сы­рын емес. Алайда ұлылардың ұнтағымыз деп жүргенімізбен, ұсақпыз деуден аулақпын. Жәң­гірдің жонына қамшы салғандай сөзбен сынаған, Баймағамбеттің басына қылыш үйіргендей болған Махамбет жырының өзі пат­ша­дан қорқып пұшайман болма­ған­дығын аңғартады.

Алайма, сұлтан, алайма!

Астыма мінген арғымақ,

Аяңдап түсіп марай ма?

Осы бір жыр жолдары еңселі батырдың езгіден елін құт­қара­мын деп ерлермен айқас­қан­ды­ғын, сұлтандармен сыбас­қан­ды­ғын аңғартады. Мұның өзі Ма­хамбеттің батыр мінезінің ерен үлгісіндей, ғасырдан-ғасырға же­тер естелігіндей тармақтар.

«Мұнар да мұнар, мұнар күн­де» мұқым елдің мұңын жоқ­та­ған Өте­містің он баласының ішін­дегі оғланының орны ерек. Ол өзі жырға қосқан «атадан ту­ған аруақты ер» еді. Буыршын мұз­ға тайған күні басындағы бақ, ас­тындағы тақ үшін жауы­мен жаға жыртысты. Сол үшін өзі­нің ер­лігіне сай тарихтан орын алды. Ал әдебиет әлеміне қос­қан үле­сін көзі қарақты оқыр­ман ме­желеп көрер. Кеу­де­дегі жұмыр етті көріктей қыз­ды­рар әр тар­мағы бір көсемсөз не мәтел болып келетін жыр­ла­ры­ның ба­ға­сын ғасырлар көшіндегі ұр­­пағы беріп бітпес. Өйткені, оң қа­натын теріс жайып, лашын қу­ға төнген күні күллі елге ба­тыр­­лықтың жырын, ақындықтың нұ­рын шашқаны тыныш заманда том-том кітап жазған қалам­гер­лер­мен салыстыруға кел­мей­ді.

Иә, өктем заманның көктемі атар деп көк терісі сөгілгенше, қылша мойны талша болғанша тарланбозынан аумаған рухты ерге берер бағамыз бөлек. Әри­не, тауанды тарих пен көркем әде­­биеттің заңғарларын салыс­тырып жатудың ұят қылық екені белгілі. Олар – өзінің лавасын тас­қындатып жатқан бір-бір жанартау. Қайсысының шығар­ма­сын жаттап, тереңіне бойлап, сол тұлғаны түгестім, шыңына шық­тым деген күні, айналаны барласақ айтылған даналарымыз иықтасып, бұлтқа басын беріп жатқан деңгейлес тау екенін пайымдаймыз. Алайда, Ма­хам­бет­тің адуынды жырлары, он­дағы тапқыр теңеулер, астарлы боямаларды ұғынғанда бір ерек­шеліктің барын, қанмен жа­зыл­ған қағидадай екенін сеземіз. Ал оның «Ұлы арман» атты туын­дысынан елі үшін қандай мақ­сатта өмір сүрген батыр, жырау екенін тани аламыз. Махамбет:

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол тартып.

Жауырына мұз қатып,

Жалаулы найза қолға алып

Жау тоқтатар күн қайда? – деп ұлы арман жолында жанын пи­да еткен. Осы бір жалынды жы­рын оқығанда баба­ла­ры­мыз­дың арманы асқақ болғанына таң­данасың. Жеке бастың қамы емес, қалың қазақтың бағын ой­ла­ғанына еріксіз бас шұлғып, жа­лынынан тараған ұшқын бо­лу­­ға тырысып бағасың. Өйткені, Ма­хамбет қайталанбас қайсар тұл­ға.

Асыл Сұлтанғазы

Оқылды 1283 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті