Басып шығару
Бейсенбі, 12 Мамыр 2016 00:00

Ержүрек ерлер

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

От пен суды қатар кешіп, басын бәйгеге тік­-кен­дер ел есінде мәңгі сақталмақ, жат­тал­­мақ. Ал олардың ерліктері тыңдар құлаққа ежел­гі ба­тырлар жырындай естіледі.

Сол жырды өз­ге емес, өзі айтып тұрса, құдды сонымен бірге жүр­­­гендей күй кешесің.

Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінің Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінде келелі кездесу өтті. Мектеп директоры Марат Айнабеков оқушыларды бір топ азаматтармен емен-жарқын әңгімелесулеріне мүмкіндік жасады. Жеңістің 71 жылдығына орай ұйымдастырылған жүздесу оқушыларға патриоттық тәрбиемен қоса батырлықтың символын сыйлады. Басқосуға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Қабдолда Бекжанов, оның Ауған соғысындағы қарулас досы Шиян Виктор, ауған соғысының ардагерлері Шерғали Нұрғалиев, Жұматай Бүркітбаев және Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, Сарыөзек әскери горнизоны мен Сарыөзек әскери полиция қызметкерлері қатысты. Алдымен қонақтар дәлізде орналасқан мектеп түлегі, Ауған соғысына қатысып, шейт болған Сергей Торияның ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды. Әрмен қарай жиынжайда күй төгіліп, ән шарқалды. Бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныпқа дейінгі оқушылар әскери киім киіп, соғыс туралы жалынды жырларын оқыды. Қабдолда Ешенұлы мен Виктор Федорович майдандағы оқиғаларымен бөлісті.

–    Туған топырағыма келіп, қазір үлкен тебіреністе тұрмын. Сіздердің алдарыңызда өткенге көз тастап, ондағы оқиғаларды еске алу мен үшін үлкен мәртебе. Ауған соғысына үш рет арнайы тапсырмамен барлаушы болып бардым. Соның бірінде белгілі бір ел­ді мекенге жөнелтіп, үш стансыға жарылғыш заттарын қою­ды тапсырды. Құпия алған білімім осы орайда маған көп кө­мегін тигізді. Алдымен мен ол орталыққа басқа облыс арқылы же­тіп, ешкімнен жөн сұрамай, жау жасағының көзіне түспей бел­гі­лен­ген орындарды іздеп таптым. Сөйтіп, белгімен бірге жа­рылғыш зат­тарды орналастырдым, – деп әңгімелеп берді Ұлт­тық қауіп­сіздік комитетінде ұзақ жылдар еңбек еткен Қаб­дол­да Бекжанов. Сон­дай-ақ, ол келешек Отан қорғаушылардан ақыл-кеңесін аянып қалмады. Қазірден бастап денсаулыққа үлкен мән беріп, спортпен айналысу керектігін алға тартты. Ал Виктор Шиян Ауған соғы­сын­да аса құпия тапсырмалар орындаған «Кас­кад», «Зенит» атты арнайы жасағы мен «Алтай» командасы­ның атқарған қызметі туралы баяндап берді.

Шара соңында оқушылар сұрақ қойып, тұшымды жауап алып, ардагерлердің батырлығына тәнті болды. «Мен бұл жиыннан көп нәрсе түйдім, патриоттық сезімім еселене түсті. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілігім артты. Келешекте осы ағалар сияқты батыр болғанды армандаймын», – дейді мектептің 11-сынып оқушысы Бексұлтан Бекбаев.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Кербұлақ ауданы.

Оқылды 1270 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті