Басып шығару
Бейсенбі, 12 Мамыр 2016 00:00

МӘДЕНИ МҰРАНЫ АРДАҚТАҒАН

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

116

Жеңіс мерекесі қалада жан-жақты аталып өтті. Ар­­дагерлеріміздің арамызда барына қошемет көр­се­тіліп, өмірден өткендеріне тағзым жа­салды.

Бұл күні Же­тісу­дың дарынды перзенті, со­ғыс ардагері Тәңір­бер­ген Қалилаханов тұрған үй­ге ескерткіш тақта ор­на­тыл­ды. Ол Молдава же­рінен Кенигс­берг­ке дейін соғыс жо­рығын жүріп өтті.

Тәңірберген Қалилаханов Бөрлітөбе ауданының Кесікқұм қыс­тауында дүниеге келген. Бақалы жетім балалар үйінде тәрбие­лен­ген ол жастайынан оқу-білімге құштарланады. Есейе келе Талғар ауылшаруашылық техникумында білім алады. Енді алған білімін ары қарай ұштамақшы болғанда әскерге шақырылып, соғысқа аттанады. Командирлер ептілігі мен соғыс әдістерін тез меңгерген қазақ ұлының қимыл-қозғалысына тәнті болады. Мергендігіне көзі жеткен қолбасшы қыр баласын бірден алғы шепке жібереді. Оның үмітті ақтайтынына сенім артты. Ол бе­рілген тапсырманы талапқа сай орындап, қайсарлығын дәлелдей білді. Соғыс жорықтарында жаудың осал тұсынан соққы беріп, жеңіс­ті жақындатуға атсалысқан атамыздың өмір жолы аңыз. Май­дан даласындағы жігіттің жү­ректілігі сыналар шақта қатарласта­рынан оқ бойы озық көрінетін. Атамыз жауды ойсырата жеңудегі ержүректігі мен жаугершілігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Со­ғыстан аман-есен оралып, ел мәде­ниеті мен өнерінің өркендеуіне ба­рынша еңбек сіңірген драматург Ақсу театрының іргетасын қа­лаған. Ақын Сараның шығар­ма­шылығын зерттеп, көптеген тарихи қойы­лымдар жазған. Ол «Күй дастан» атты кітабына «Сары өзен», «Бозінген», «Боз айғыр», «Сар­толғау», «Аққу», «Қоңыр қаз», «Ақсақ құ­лан», «Айжан қыз» сияқ­ты дүниелерді топтап, нотасын қағазға тү­сіріп, өшпес мұра етіп ел-жұр­тына қалдырған. Қаламгер «Тор­дағы тоты» , «Шытырман ше­жі­релер немесе тастағы жазулар», «Абы­лай аманаты», «Гүлба­һару» атты кітаптардың авторы.

Қызыл Жұлдыз орденінің иегеріне Талдықорған қаласындағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Оған ардагердің ұл-қы­зы, көзін көрген жерлестері және атына, шығармашылығына қа­нық ел-жұрты жиналды. Алғашқы құттықтау сөзді қала әкімі Бағ­дат Қарасаев алды. – Артында қалған ұрпағы ата аманатын орын­дап келеді. Еліне адал қызмет етіп, әр салада абырой биігінен көрінуде. Тәңірберген атамыз алғаш қызметтік жолын газет редакторы болу­дан бастаған. Халық пен билік арасына алтын көпір орната білген тілшінің жазған мақалалары жерлестерінің көңіл кілтін тапқан. Өмір жолында Тәңірберген Қалилаханов аудандық білім беру саласына да басшылық жасаған. Ол кісінің оқушылары мен тәрбиелеген мамандары бүгінде елінің қазынасына айналды,– деді қала әкімі. Тәңірберген ата мен Гүлбаһару апаның өсірген балалары бүгінде еліміздің өркен жаюы үшін еңбектенуде. Барлығы жауапты қызметте. Ескерткіштің ашылуына жиналғандар атадан алған тәлім-тәрбиесін, ұлағатты сөздерін еске алды. Облысымыздың Құрметті азаматы Егеубек Далбағаев қария да қаламгер жайлы ес­телік айтты. Ақсудан келген Амангелді Айтбаев Тәңірберген атаның ауданға сіңірген еңбегін, театрды қалыптастырудағы шығар­машылық ізденісін дәйектер келтіре отырып, әңгімелеп берді.

Халқына адал қызмет еткен адамның еңбегі ұмытылмайды. Тәңірберген Қалилахановтың атын ұрпағы асқақтатып жатса, еңбегінің өшпегені. Ұлттың сарқылмас інжу-маржанын теріп, соңына табыстап кеткен жанның аты да мәдени мұрамен бірге жасай бермек.

Гүлжан Мұқашқызы.

Оқылды 1019 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті