«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты аталмыш шараның шымылдығын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы ашты. Ол ақын өмірі мен шығармашылығына аз-кем тоқталып, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сүйінбайды пір тұтқан жыр жампозының тағдыры алты Алашқа белгілі. Ұлы Отан соғысы жылдарында туындаған өршіл рухты, өрт өлеңдерінің шоқтығы биік тұрғаны – «Ленинградтық өренім» атты жыры. Осы туындының өзінен, заңғар ақынның ізгілік пен қайсарлық, жомарттық сынды адамның ең құнды қасиеттеріне қалам тартқандығы белгілі. Әрине, арнайы білім алмаған Жамбыл қауырсын қаламды қаусыра ұстап, жақұт жырларды терген жоқ. Ол ақпа жырдың арда ақыны болғандықтан да, жау жағадан алған тұста қызыл тілінен іркес-тіркес өлең төгіп, жауынгерлерді рухтандырған рухани қазына іспетті. Аталмыш шарада облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Ержан Ақшабаев «Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы» атты баяндама жасап, Жамбылды осы қырынан таныта білді. Сондай-ақ, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жанар Елесбаева «Жамбыл – өршіл рухты ақын» тақырыбында дайындаған баяндамасын тыңдарман назарына ұсынды.
Қабылиса, Балпық пен Сүйінбайлар Жетісу ақындарының өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен тұлғалар. Солардың салып кеткен сара жолын жалғап жүрген Айтақын Бұлғақов пен Қаныша Райысова Жамбыл жайлы ой толғап, кештің көрігін қыздыра түсті. Сондай-ақ, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Арафат Ысқақ айтыс ақтаңгерінің «Ақындарға арнау» термесін тамылжыта орындаса, жас ақын Дархан Серік пен Қазыбек Жеңісханның бір қайырымнан тұрған айтысы тыңдармандарды серпілтіп тастады.
Жыр жампозына арналған жиынның соңында Ахмет Кендірбекұлы, Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райысова, Арафат Ысқақов сынды қадірменді қонақтарға ақын кітабы мен мерейтойлық төсбелгі табыс етілді.
Арда БИ.