Мәселен, Үңгіртас селолық округінің аумағында «Империя Фуд» ЖШС үш мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын өткен жылы іске қосты. Бұл нысан Ұлт жоспарының 61-ші қадамында белгіленген ет өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаға сәйкес ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында жұмыс істейді. Қазір онда 1730 бас бұқа бордақыда тұр, әрқайсысы күніне 2 – 2,5 келі салмақ қосады. Жыл басынан бері бордақылау алаңында семіртілген 331 бас бұқа сойып сатылып, 79 тонна ет тұтынушыларға өткізіліпті. Біздің елге қомақты инвестиция салып, үлкен істі бастап кеткен серіктестік басшысы ирандық азамат Арман Джавида алдағы уақытта бордақыға қойылатын мал басын 5 мыңға дейін жеткізбекші. Сапасы жоғары әрі табиғи таза өнімдерін Иран, Араб, Ресей, Қытайға экспортқа шығаруды межелеп отыр. 56-қадамдағы «Экономиканың басым секторларына «зәкірлі» инвесторлар тарту» аясында аталған серіктестік биыл қуаттылығы 8 мың тонналық ет комбинатын салмақ. Сол сияқты Мыңбаев ауылында 1 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар «Жақсылық» шаруа қожалығы жыл басынан бері Қырғыз Республикасына 20 тонна ет өткізді. Жыл соңына дейін экспортқа 83 тонна ет жеткізу көзделіп отыр.
Ұлт жоспарының 60-шы қадамы ауылда кооперацияны дамыту арқылы сүт өндіру және өңдеуге стратегиялық инвестор тартуды міндеттейді. Бұл бойынша Қарақыстақта «Табыс» шаруа қожалығы 600 басқа арналған тауарлы-сүт кешенінің құрылысын аяқтады. Заманауи үлгіде салынған өндіріс орны шетелдік озық технологиямен жабдықталған.
Аудан үшін 65-қадамның маңызы зор. Көліктік инфрақұрылымды дамыту аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы құрылысы жүзеге асырылады. Бұл жолдың 100 шақырымнан астам бөлігі аудан аумағы арқылы өтеді. Жол құрылысымен бірге логистика дамытылып, екі ірі демалыс орны салынады.
Сондай-ақ, әлеуметтік жаңартуға арналған қадамдарға сәйкес, білім беруді жетілдіру, 2016–2017 жылдары 5 мектеп салу арқылы апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқуды болдырмауға қол жеткізілмекші. Бүгінде 44 балабақша жұмыс істейді. Қазір балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 89 пайыз болса, келесі жылдың аяғында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек.
Ұлт жоспарын орындау жолында ауданда белгіленген негізгі бағыттарды баяндаған әкім тілшілердің әр салада қойылған сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.