Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова орта білім берудің мазмұнын жаңартуға қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарының аясында өткізіліп отырған басқосуға келген ұстаздарға алғысын білдіріп, сөз кезегін вице-министр Эльмира Суханбердиеваға берді. Жалпы, елімізде білім беру саласына мүлдем қатысы жоқ отбасы кездеспейтін шығар. Сондықтан онда болып жатқан өзгерістер әр отбасы үшін аса маңызды болып табылады. Кей кездері қажетті ақпараттың жоқтығынан түсінбестік туындап жататыны да жасырын емес. Осылай дей келе Эльмира Амангелдіқызы білім беру саласындағы негізгі өзгерістер жайлы тарата айтып берді. Атап айтқанда, біраз жылдан бері жиі көтеріліп жүрген 12 жылдық оқу жүйесі, бастауыш сыныптардан бастап үш тілде оқуды енгізу, бес күндік оқу аптасын қалыптастыру мәселелері жайлы баяндады. Үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегінен бастап тәжірибе мектептерінде қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінде сабақ жүргізіле бастайтыны көптің көңілін күпті қылып жүргенін тілге тиек еткен ол, алдымен ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдерді даярлап алып, 2019 жылдан бастап бұл шара барлық мектептерге енгізілетінін, оған дейін жаңа жүйені меңгеріп алуға уақыт бар екенін жеткізді. Бірінші сыныпқа ағылшын тілі екі сағаттан жүргізілсе, жоғарылай келе сағат санын арттырып отыру көзделген. Қазақ және орыс тілінде оқытылатын мектептер негізгі пәндерді сол тілде меңгергенімен химия, биология, физика және информатика сабақтары ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Жаңа бағдарламада мемлекеттік тілді меңгеруге үлкен көңіл бөлінгені де қуантады. Сол сияқты, 12 жылдық оқу жүйесінің артықшылықтары да талданды. Он жыл оқып, жалпы орта білім алғаннан кейін әр оқушы жоғары оқу орнына немесе мамандық меңгеретін колледждерге баруға құқылы. Ең бастысы, әр түлек кәмелеттік аттестатпен бірге бір мамандықтың иесі болып шығады. Ал, бес күндік оқу арқылы балалар да, мұғалімдер де аса көп жүктемеден арылатын болады. Каникул мерзімі сәл қысқарғанымен олар 34 күн қосымша демалуға мүмкіндік алады екен.
Баяндама аяқталғаннан кейін жиынға қатысушылар өздерін алаңдатып жүрген жекелеген сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын да жеткізуді ұмытқан жоқ. Жалпы, көптің көңіліне қонақтаған білім беру саласындағы жаңалықтар ұстаздар қауымы тарапынан қолдау тапқаны аңғарылып тұрды. Осы күні түстен кейін вице-министр Эльмира Суханбердиева Есік қаласында болып, Еңбекшіқазақ және Талғар ауданының ұстаздар қауымымен кездесу өткізді.
Алматы іргесіндегі ірі үш ауданнан кейін ат басын облыс орталығына бұрған Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Талдықорғандағы оқу орындары директорлары және ұстаздарымен жүздесті. Мақсат – білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен жан-жақты таныстыру. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев және білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова қатысты.
Бағдарламаны жүзеге асырудағы басты міндет – мектепке дейінгі ұйымдардың педагог кадрларының сапалық құрамын жақсарту және педагог кәсібінің беделін арттыру. Мемлекеттік бағдарламада мектепке дейін білім беру, жалпы орта білім беру және техникалық білім беру жайы кеңінен айтылған. Талдықорған өңірінің білім беру жүйесі жалпы білім беретін мектептер және техникалық колледждерден құралады. Сондықтан, вице-министр негізінен әңгімені осы тұрғыдан өрбітті. Демографиялық жағдайды ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды көбейту керектігіне баса тоқталды. Сондай-ақ, саналы тәрбие беру мен оқытуға тең көңіл бөлу керектігін сөз етті. Ол үшін ең алдымен ұстаздардың біліктілігін жоғарылатып, талапты күшейту керектігін Астанадан келген басшы облыстық білім басқармасы басшыларына қарата айтты.
Мұғалімдерге бірінші және жоғары санаттарды алуы үшін қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралатын болады.
Кәсіптік мектептердегі дуальді оқыту, жас маманның жұмыссыз қалмауы үшін өндірістермен келісімшарт жасасу жайы да кеңінен сөз болды. Бұл орайда Талдықорған қаласы кәсіптік мектеп мұғалімдері алаңдаушылық танытты. Оған жауап берген вице-министр мәселені шешу үшін жұмыс күші тапшы өңірлердің өндірістері мен кәсіпорындарын кадрмен толықтыру мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы іске асырылатынын айтып, қуантты. Жыл сайын жұмыс күші мол өңір жастарынан кадр даярлап, кейіннен оларды оқыған жері бойынша жұмысқа орналастыру жүйесі мықтап қолға алынады. Сондай-ақ, жұмыс күші тапшы өңірлердің жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс қарастырылатын болады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Гүлжан ТҰРСЫН