Басып шығару
Сенбі, 16 Сәуір 2016 00:00

Қазақтың қанын тулатқан

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

kokpar

Сайын даланың төсін тұлпарлар тұяғы дүбірлетуде. Ілкім заманнан бері іргедегі елдер қазақ атқа қонса тіксінетін. Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан ел жасағын ертіп, шашақты найзасын қолына ұстап, тыныш күнде түрен салмасы анық.

Сағадан сап етіп жағадан алғанша қасам ішіп, қару ұмсынбас. Ол – қаһарман елдің қағидасы. Ал өмілдірігін үзердей алқынған ат­тар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан қазақ аза­маттарының бұл шабысы бөлек. Бұл – неше мыңжылдықтан бе­рі жалғасқан ұлттық ойын - көкпарды білекті де жүректі жі­гіттердің тартқан сәтінің көрінісі.

Ұлы даланың төсіндегі будақ-будақ шаң, қиқулаған сайын құстай ұшқан тұлпар, адыр-бұдыр жерде омақасамын деген ойдан ада аза­маттар... Алыстан барлаған адам жалпы көк­парға жарақтанған жігіттердің жанталасын, те­бісінен теңселе жаздап топқа кірген қазан ат­тың қарқынын көргенде, құдды жер үшін ай­қасып жатқан сарбаздар екен дер. Осындай рух пен күшті қажет ететін ат спортын ба­ба­лар­­­дың қалай ойлап тапқанына таң­данасың. Әлем халықтары киіз үйді көріп, жасалуы мен құ­рылуын зерттей келе қазақтың кемең­гер­лі­гін еріксіз бағалаған еді. Ал көкпар ойыны әлем­­ге таныла бастағанда, жағасын ұстап үрік­­кендер мен таңданысын жеткізгендер де та­­былып жатты. Бұл батыр бабалардың бүгінгі ұр­­пағы үшін зор мақтаныш. Шындығында қа­зақ халқы көкпар ойынын қалай ойлап тапты де­­ген заңды сұрақ туындайды. Тіпті, сол до­да­­ға шыдас беретін тек серке екенін дөп тап­қан­дары бүгінгілер үшін тынып жатқан тылсым дү­­ние.

Алайда әлімсақтан бүгінге жалғасқан дәс­түрлі мерекеміздің көрігін қыздырар «көк­пар­дың шығу тарихы әлі дүдәмалдау. Салт-сана­мызды сапырып, қалам ұшында ой тербеген ға­лымдар «көк-бөрте» сөзінен, яғни терісі жыр­тыл­майтын серке болғандықтан со­ған сай «көк­пар» атауы бе­рілген деп түсін­ді­руде. Көк­пар­дың шығу та­рихына дендеу үшін «Жазылмаған тари­хымның жолдарын, Ауызекі аңызыңнан іздедім» – деп толғанған Мұқағалиша біз де аңызға бойлап көрелік. Мал баққан елдің тұрағы қыста қыстау, жазда жайлау болғаны белгілі. Сол қыстаудағы шопан тірлігінің түлені – қызыл көз, қанды азулы қасқыр. Ай қора­лан­ған күні қорасындағы тамақталған қойын көр­ген шопандар ширығып, талағы тарс айырылған де­седі. Барлық қой­шы­ның басындағы нәубет бол­ған соң, іргелес оты­ру­ға бекініп, түз та­ғысына не істеу керек деген сауал тастайды. Сөй­тіп, тұрақтарын бір жерден сайлаған шо­пан­дар, қораға түскен қасқырды атпен омыраулата қуып, сілесі қатқанда тақымдап тартып, қолын қол, бұтын бұт етуге дағдыланады. Қайсар қазақтың арғы бабалары қасқырдан қасқыр қоймай тақымдап, қинап өлтіріп, бертін келе көксеркеге ауысқан деген деректер кездеседі. Осы айтылған аңыздың жаны бар іспетті. Мал баққан елдің жауының бірі қасқыр екені рас. Ал мылтықсыз заманда қазақ қойын қасқырға талатып қарап отыр­мағаны белгілі. Сондықтан да, көкпардың шығу та­рихы осы аңызға саяды.

Көкпар – қазақтың жаны. Үй іргесінен дүбір­ле­тіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұл­па­рына тұрман салатын жұртпыз. Бұл ұлттық ат спортына жатқанымен, ойынның астары терең­де жатыр. Жаугершілік заманда батырлық пен ептілікке бейімдеу, сарбаз жолдасы ысқырып жеткен оқтан опат болған жағдайда, ат үстінен өңгеріп алып, жат жерге, жау табанында қалдырмауға машықтанудың ең ыңғайлы әдісі десек те болады. Өйткені шайқаста шейіт кет­кен ақсүйек немесе қолбасының сүйегін жау қолына беру, жалауының жығылғанымен тең. Сон­дықтан да көкпар тартып, майдан дала­сын­да орын алған тосын оқиғада тосылып қалмау үшін машықтанған секілді. Бұл біз білетін бір ғана сипаты мен сыры.

Бүгінгі таңда көкпар ойыны қазақ саха­расында ғана емес, көршілес қырғыз, моңғол, өзбек сынды елдерде де ойналады. Баһадүр бабалардан қалған ғажайып ойынымыз «дода көкпар», «сайыс көкпар» және «жалпы көкпар» болып үшке бөлінетіні атқа мініп, қазақы қанын тулатып жүрген жандарға белгілі. Ал аймақ­тық­тан бастап халықаралық жарыстарға дейін өті­летін түрі «сайыс көкпар». Бұл әлемдік аренаға сұранып тұрған спорт түрі десек те болады. Алайда, ат үстінде қазақтай қасқайып оты­ра­тын халық жоқ болғандықтан: «Бұл ойын емес, жа­байылықтың асқан шегі», – деген сараң пі­кірге салынып жүрген елдер де бар. Ер қанаты ат деп білген қазақтың алты жасар баласы ат құ­­­лағында ойнап, додаға сексеннің сеңгіріне шық­қан қарияның өзі тіксінбей тура кіреді.

Алайда көкпарды қырғыз ағайындар бізден шық­қан ойын деп байбалам салуда. Олар да атқа мініп, жамбы атқан жұрт болғандықтан та­ласқа түскісі келеді. Дегенмен, Сүйінбайдан же­ңіл­ген Қатағанды өмірде болмаған, бізде ондай ақын жоқ деп өткенін өшіргісі келетін қыр­ғыз­дар­дың көкпарды табиғи қылып алғысы кел­гендігі де жалған. «Өркениет жоқ кезде өз­ге­лерде, біздерде алтын, күміс, мыс та болған, те­мірін балқытып тұлпарына, үзеңгі соққан ал­ғаш ұста қолдан», – деп айыскер Рүстем Қайыр­тайұлы айтқандай, әлемге шалбар ки­гі­зу­ді үйреткен қазақ еліне тән ойын екені даусыз. Сол себепті дәстүрін дәріптеп жүрген аза­мат­та­рымыз көкпарды насихаттау мақсатында үл­кен-үлкен жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түр­де жұмыс атқаруда. Мұның өзі егемен елдің ер­теңі мен бабалар аманаты жолында істелініп жат­қан ғибратты іс.

Негізінде, сайыс көкпарға 25-30 кг. серке тар­­тылады. Бұл жарыстың есебі ашылу немесе қос команданың біреуі айқын басымдылықпен же­ңіске жету үшін. Ал дода көкпарда 80 кг.-ға дейінгі серке салынады. Бұл ат үстінде екі аяқ­пен жүргендей сезінетін қазақ елінің ұландары үшін ауырлық етпейді. Сайыс көк­пар­дың жүл­де қоры бүгінгі қомақты ақша бол­са, бұ­рын­дары дода көкпардың өтуі тіптен ерек болған де­седі. Қос төбеде тұрған шенді-шекпенді бай манаптар, жалпылай сынға түс­кен аза­мат­тарға 1 түйе немесе басқа кө­лем­дегі мал атап, сер­кені маған алып кел деп дауыс­тайтын кө­рінеді. Тойға жиылған небір сайыпқырандар топ­тасып емес, жалғыз тақымдап бай тұрған жерге лақты алып бару керек-ті. Жүз немесе мыңдаған тақымшының арасынан суырылып шығып, өзінің ептілігін көрсеткен жан бай ата­ған малды еншілеп кететін көрінеді. Бұл да қа­зақ халқының ерлігін паш ететін, азаматтың тұр­қы бөлек тұрымтайдай жан екенін даралап бе­ретін көкпардың бір түрі.

Иә, қазақ халқының әрбір ұлттық ойы­ны­ның астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһар­мандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бас­тайтың сыр жатқандай. Тек соны бүгінгі ұр­пақ­­­қа жеткізе білу лазым. Ал бүгінгі күні атой­ла­масақ та ат ойнатып жүргеніміз бабалар ізін жал­ғағанымыз болар. Жас шайыр­ла­ры­мыз­дың бірі: «Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе, ұлт өспейді дәстүрін менсінбесе, нағыз қазақ екем деп айтпа, жігіт, тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе», – деп жырлайды. Рас, тақы­мын­да тұлпарын тулатқан, түркілердің айбынын ас­қақтатқан алты Алаштың азаматтары ұлттық ойынын ойнап, сәйгүліктің қадірін білмесе қиын-ақ. Алайда ел мерейін асырған шабандоздарымыздың саны жыл сайын артып, көкпар сайыс дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығына да шүкір. Жауын жер жас­тан­дыр­май майдан даласын босатпайтын, атқа қон­са атойлап алға шығар, тақымындағы тұл­пары туласа талай елдің ту-талақайын шы­ға­рар жұрттың қанын қыздырып, жанын рахатқа бө­лейтін көкпар ойыны әрқашан көздің қа­ра­шығындай қорғалып ғасырдан ғасырға же­те­ті­ні ақиқат.

Асыл Сұлтанғазы

Оқылды 996 рет
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті