Басып шығару
Сенбі, 23 Сәуір 2016 00:00

Адаманан емес, Алладан ұял

 
Дауыс бер
(0 бағалау)

Адам баласы өз мінез-құлқы арқылы өз­ге­ден ерекшеленіп, жақсы да, жаман да бо­ла алады. Ал адамға Алладан нығмет етіл­ген көркем мі­нез­дің бірі ол – ұят. Ұялу ар­қылы әр пенденің жү­регі жылып, мейірімі ар­та түседі. Өзін жаман іс­терден тыйып, жақ­сы­лық­қа жол салады. Күнәдан бойын аулақ са­лып, опа­сыздықтан қаша­ды. Сол арқылы адам­дар жа­мандықты тамыры­мен құртып, жан-жа­ғына жақ­сы­лықтың ұрығын жаяды. Ал бүгінгі таңда ай­нала­мыз­дан бай­қап жүр­ген те­ріс қы­лық­тар мен көр­генсіз кө­­рініс­терді неге жат­қы­замыз?! Бұл ұят се­зі­мінің азайып, жүректегі жы­лы­­лық­­тың жо­­ғал­­ғаны дер едік. Оның себебі ұят­­­тың ақи­қатын біл­мей, орын­сыз қым­­­сынып, теріс қы­лық көр­сет­­кен­дер­ден болса керек.

«Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деген бабалар ұят­тың қадірін терең түсінген. Ба­лаларын туғаннан тәрбиелеп, ұр­пақ арын жасынан сақтау ке­рек­­ті­гіне ерекше мән берген. Ата-ананың ақылын тыңдап, үлкен­дер­дің үлгілі сөзіне қанған бала олар­­дың оңды қылығына еліктеп өскен. Ата-әжелерімізден ұят ұғымы арқылы тәрбие алғанымыз бәріміздің есімізде. «Сұғанақтық жасама, кісінің ала жібін аттама, үлкеннің жолын кеспе, ұят бола­ды» деген сөздерді жиі естідік. Қазіргі балалар сол сөздерді біле ме екен?! Қазіргі ата-ана айта ма екен?! Олар өзі көрген тәрбиені баласына беруі тиіс еді. Ата-ана айтса неге арсыз қыз бен ұятсыз ұлдың қарасы көбейіп барады. Белгісіз...

Ұят адам баласының шынайы бетбейнесін көрсетіп, болмысы мен табиғатынан сыр береді. Ұялу арқылы пенденің келбеті өңді, әр ісі оңды болады. Жан дүниесі тазарып, тәртібі тү­зе­леді. Қазіргі күйімізге қарап күйі­несің. Бұрында бабаларымыз ұятты ал­дыңғы орынға қойған. Ұлы мен қы­зының тәрбиесін қа­таң бақы­лап, өздері шалыс бас­паған. Со­ның арқасында ар­сыз­дықтан ау­лақ болған. Ұятпен бір ауыз сөзге тоқтап, мұң мен қасі­ретті сейілт­кен. Қазіргі қоғамда қайғыдан қан жұтып, жолы­мыз­ды жаман­дықтан құрауымыз – сол үрдісті жоғалтуымыздың дә­лелі.

Иә, қазір басымызға төнген былықтан аяқ алып жүре алмай­тын халге жеттік. Надандығымыз көбейіп, адамдығымыз азайып барады. Еркегі бұғаусыз, әйелі тұрлаусыз, қарты қадірсіз, баласы әдепсіз күйге жеткендейміз. Бізді бұл күнге ешкім алып келмеді. Өз-өзімізді күйреттік, бабалар ұс­танған «өлімнен ұят күшті» ұғы­мын шатастырып алдық. Қай жер­де ұялып, қай жерде қымсыну ке­ректігін білмей, ұятымызды же­тімсіреттік. Жаратушыдан емес, жаратылғаннан ұялып, ар­сыз қимыл жасауға көштік.

Ұят дегеніміз ең алдымен – Алладан қорқу. Бұл тәмсілді ұс­танған текті ұрпақтың қарасы аз. Бастысы адамның алдында ұятқа қал­мауды мақ­сат етіп, керек бол­са сол үшін жи­­­ған-тергенін де таратудан тайын­бай­тын болды. Мәселен, үйге қанша қонақ келсе де дастарқаны жаю­лы, асы қоюлы тұрмаса ол қазақ үшін өліммен бірдей. Өздері сүйек-саяқ мүжіп отырса да, кел­ген кісіден ұят деп тәтті тағамын баласынан тығып, сүрленген етін сол үшін сақтап отыратын біздің қазақ еді. Баласы үйленсе, бәлен­шеден ұят деп, барымен ұлының тойын дүркіретіп өткізеді. Жағ­дайы жетпесе де асырып қонақ күтеді. Ол аз десеңіз, құдалардан ұят деп Алла тыйым еткен сай­тан­ның суын сыйластық үшін сі­міреді.

Баға көкке шарықтап, баққан малы арықтап жатса да балам ел қатарлы жүрсін, әйтпесе доста­рынан ұят деп көлігін әперіп, көрігін құртып жүрген де – қазақ. Қазақ қана көршісінен болмаса туысынан ұялып, жоқтан барды құрайды. Ұятқа бола қарызға батып той жасап жүрген бізді шетелдіктер көрсе жата қалып күлері анық. Себебі, оларда ұят сө­зінің мәні де, мағынасы да бас­қа. Қарызданып болсын үйін, мә­шинесін алатын ол – тағы қа­зақ. Сонда ойланып көріңізші, сәл еңбектенсек, соның бәріне қа­рыз­данбай-ақ жетуге болады емес пе?! Жоқ болмайды екен. Неге? Ұят болады себебі. Кімнен ұяла­мыз десек, сол баяғы ағайын-туыс пен көрші-қолаң.

Міне, осылай адамнан ұяла­мыз деп Алла алдындағы ары­мыз­ды ысырып жатқан жайымыз бар. Сонда өзгеден ұят деп харам су ішерде Алла алдында неге арланбасқа?! Әкем көріп қой­ма­сын, шешем байқап қоймасын ұят болады деп шылым шеккенде Жаратушының бақылап тұрғанын неге ескермеске?! Осы біз ұят ұғы­мын теріс қабылдап, шатас­тырып алмадық па?! Адамнан ұялу Алладан ұялудан күшті бол­са, иманның тозғаны. Ата дініміз осылай түйеді. Сонда қалай, біз­дің иманымыз әлсіреп, дидары­мыз­дың ашық болмағаны ма?!

Алладан ұялу оның ұсынған жолымен жүріп, тыйымдарын түгелімен білу болып саналады. Өзін адаммын, оның ішінде мұ­сыл­манмын деген әрбір жан ал­ды­мен ұяттың осы түріне көңіл бөл­­гені жөн. Ал ол қалай жү­­зеге асады? Ол Жа­рату­шы­дан өзге жара­ты­лысқа жа­лынбау, кө­зі­мізді, құла­ғы­мыз­ды, тілімізді күнәдан тыйып, Алла харам еткен нәрселерден бас тар­ту арқылы ар­лану болады. Ал біз кө­зі­міз­ді қызарғаннан, құлағы­мызды өсектен тыйып, тілімізді тар­тып жүрміз бе?! Ішімізді харам астан сақтадық па?! Жоқ! Мі­не, бұл біздің Жаратушы ал­дын­дағы ұятымызды жоғалт­қанымыз. Ең алдымен ұяттың ақиқаты осында келіп тіреледі. Біз адамнан қысылмай, Ал­ла­ның алдындағы ұят сезімін мо­лайтудың жолын іздеуіміз ке­рек. Ал ұятты күшейту үшін Ал­ла Тағаланың құдіретіне бас иіп, көзімізді неге қаратып, кеу­демізге нені тоқып жүрге­ні­міз­ді сезінуіміз керек.

Әрине, адамнан ұялудың өз жөні тағы бар. Данышпан Абай: «Алладан қорық, пенде­ден ұял», – дейді. Ол адам­гер­шілік пен жомарттықтан туын­дайды. Қысылудың бұл түрі арқылы да ешкімге зиян кел­тір­мей, жамандық жасаудан тыйыламыз. Адамға деген ұят кемігенде ащы тіл толып, өсек пен ғайбат шығады. Кекету, келемеждеу көбейеді. Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с): «Ұят пен иман тығыз байла­ныс­та. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді», – деп ұяттан айырылған адамның имансыз болатынын айтқан. Міне, сон­дықтан мұның астарында Жа­ра­тушыдан қорқу және оны жақсы көру қасиеттері жатыр.

Адам баласының Алладан қорқып, өзінен ұялуы өзінің ар-намысын сақтауы. Ғалым­дар­дың зерттеуінше өзгеге қара­ғанда өзінен көбірек ұялатын адамдар үшін жақсылықтың жолы ашылатын көрінеді. Ойым­ды қорытатын болсам қазақтың әр сөзі құнды, әр тыйымы тәлімді. Бабаларымыз құдайдан қорқып, ұят сөзін ұлықтағаны үшін осынау ұлы даланы еншіледі. Енді біз сол ұлы халықтың ұрпағы деген абыройымызға дақ түсіріп, ұятымызды қашырып, арсыз атанбау үшін ұятсыздықпен арпалысуымыз керек-ақ. Ұя­лып жүріп ұяң болайық, шы­найы ұяттың ақиқатын білейік. Әйтпесе... Ұят болады!

Құралбек Сәбитов

Оқылды 1206 рет Қайталау: Жексенбі, 24 Сәуір 2016 13:15
Жетісу газеті

Соңғы материалдар: Жетісу газеті